387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлы Абайдың өшпес мұралары түрік елінде кеңінен насихатталып жатыр

  • 748
  • UPD: 11:51, 11.08.2017

Ыстамбұл қаласындағы Абай көшесі Бақыркөй мен Зейтүнбұрны аудандарын жалғап жатқан ең маңызды әрі үлкен көшелердің бірі.

Оның бойында аудан әкімшілігі және мәдениет орталықтары орналасқан. Соңғы жылдары бұл көшеде зәулім тұрғын үй кешендері бой көтере бастады. Ал көшенің сол жақ бетінде Еуропа мен Азияны жалғап жатқан «Мармарай» теміржолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Яғни көшенің болашағы өте зор. Ал қазір ол жергілікті халықтың игілігіне пайдалануда деп айтуға болады.

Зейтүнбұрны ауданының күре жолына Абай есімінің берілуі бекер емес. Өйткені Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасының басым бөлігі осы ауданда қоныс тепкен. Мысалы Қазақ түріктері білім және зерттеу қоғамының төрағасы Серкан Динчтүрік, балаларын мектепке апарып, жұмысына жету үшін күніне 3-4 мәрте осы көшемен қатынайды екен. «Ұлтымыздың ұлы перзентіне жасалған құрмет, шетелдегі әрбір қазақтың абыройын асырып, мерейін үстем етеді. Сондықтан Абайдың ескерткішін көріп, көшесімен алшаң басып өткен сайын бойымызды мақтаныш сезімі кернеп, ерекше әсерге бөленеміз», – дейді ол.

Серкан Динчтүрік, Қазақ түріктері білім және зерттеу қоғамының төрағасы:

– Абай атында бір мектебіміз, ескерткішіміз және көшеміз бар. Одан біз өте қуаныштымыз. Себебі осы ауданда өз мемлекетімізде тұрғандай сезінеміз. Абай мектебінде қазақ балаларымен қатар түрік балалары да оқиды. Жергілікті халық Абайдың кім болғанын, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін үйренеді.

Ыстамбұлдағы қандастарымыз балаларын Абай мектебіне беруге тырысады. Себебі білім ордасын Елбасының өзі арнайы ашып берген болатын. Содан бері Абай мектебі туысқан қос елдің достығын нығайтатын іргелі оқу орынына айналып үлгерді.

Атап айтқанда, елімізден келетін мемлекет және қоғам қайраткерлері Ыстамбұлдағы Абай мектебіне бас сұғып, оқушылармен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Мысалы былтыр ғана Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов келіп, жас жеткіншектерді жігерлендіріп қойды.

Арал Динчтүрік, оқушы:

– Білім ордасы Абай есімімен аталғаны үшін отбасым мені осы мектепке әдейі берді. Біздің мектепте жыл бойы әртүрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді. Өз басым сурет көрмесі мен Абай оқуларына жыл сайын белсенді түрде қатысып тұрамын.

Қазіргі таңда Түркияда қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын түрік тіліне аударып, кеңінен насихатталуына үлкен мән беріліп отыр. Бұл бағытта елшілік пен жергілікті қазақ диаспорасы елеулі еңбек етіп келеді. Серкан Динчтүріктің айтуынша, қыркүйек айының 2-3 күндері Салихли қаласында Абай оқулары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтпек. Ал оның соңы футболдан жастар арасында турнирге ұласады. Айтулы шараға Түркия, Еуропа мен Қазақстаннан жиын саны 600-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы