384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісі салынады

  • 506
Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісі салынады pti-nsk.ru

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен қатар Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісі салынады.

Инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін салаларда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша 12 жоба пысықталуда және іске асыру кезеңінде. Бұл туралы министрлік басшысы МЖӘ мәселелері бойынша Үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтты.

Оның айтуынша, «Үлкен Алматы айналма жолының (ҮАААЖ)» құрылысы бойынша консорциум дайындық жұмыстарына кірісті. Биыл мамыр айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.

Министрлік айналма автомобиль жолының құрылысымен қатар Алматы станциясын айналып өтетін ұзақтығы 74 шақырым теміржол желісі жобасының құрылысын салу дайындығын бастады. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық мемлекеттік сараптама жүргізілуде.

«Мұнымен қатар конкурстық құжаттама әзірленуде. Инвесторды анықтайтын конкурсты өткізу биыл қараша айына жоспарланып отыр. Жалпы теміржол желісін салу құны 96,6 млрд теңге. Ұзақтығы – 74 шақырым. Жоба құрамына тораптық станцияларды салу және реконструкциялау, разъез бен желілердің құрылысы, оларға электр жүйесін тарту кіреді», – деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, министрлік МЖӘ механизмі бойынша «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) «Нұр жолы» өткізу пунктін салу және пайдалану» жобасын, ұзақтығы 254 шақырым болатын «Оңтүстік Қазақстан облысында жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасын, Әуе жүк тасымалы саласында қағазсыз құжат айналымның ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу (e-Freight), әуе жолаушылары туралы мәліметтерді жинаудың автоматтандырылған жүйесін құру сияқты жобаларды іске асыруда.

Министрлік аймақтармен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру моделін ұсынады. Қазіргі уақытта барлық аймақтарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түрлі формаларын енгізу бойынша 33 пилоттық жоба іріктелді.

Сондай-ақ министрлік өңірлермен бірлесіп энергияны үнемдеу саласында жалпы сомасы 9,7 млрд теңгенің 3 жобасын жүзеге асыруда.

Хабар 24 телеарнасы