386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырда еліміздің ғарыш тарихының шежіресінен сыр шертетін жан тұрады

  • 743
  • UPD: 10:14, 13.04.2018

Оны галактиканы шарлап жүрген ғарышкерлер туған күнімен құттықтап тұрады. Ол ғарыш саласындағы тарихи оқиғалардың куәгері.

Ол бірнеше мемлекет басшыларымен кездесті. Өмір жолы осындай ерекше сәттермен өрілген Антонина Богданова - «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы мұражайдың жетекшісі. 

Бұл мұражайға екінің бірі бас сұға алмайды. Өйткені ғарыш айлағында орналасқандықтан төңірек түгел күзетіледі. Біз де өзге туристер секілді арнайы рұқсатпен кірдік. Антонина Богданова сөз басын Ұлы дала бүйіріндегі Байқоңыр жерінің киесі мен қасиетінен бастады.

Антонина Богданова, «Байқоңыр» ғарыш айлағы музейінің директоры:

- Бұл маңды Қорқыт атаның «жер кіндігі» деп айтуы да тегін емес. Өйткені дәл осы жерден ең алғашқы жерсерігі ұшырылып, ең алғашқы адам ғарышты бағындырды. Ғалымдар да бұл жердің экватор жазықтығына жақындығын, зымыран ұшырудың қауіпсіздігін дәлелдеп қойған.

Аңызға айналған айлақтан алғаш зымыранның ұшқанына да 60 жылдан асты. Сол уақытта жеті қат көкті еңсерген ең озық технологиялық жетістіктер бүгінде мұражай сөрелеріндегі жәдігерлер қатарын толықтырып тұр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Ғарышкерлер мұражайында 10 мыңнан астам жәдігер бар. Соның ішінде ең құндысы орталық басқару құрылғысы болып табылады. Дәл осы құрылғы арқылы кезінде аспан әлеміне жол ашылды. Яғни мына кілтті орнына салып, түймені басқаннан кейін ең алғашқы ғарыш кемесі зеңгір көкке жол тартты. 

Антонина Богданова 25 жасында байқоңырлық әскери қызметкерге тұрмысқа шыққан. Содан бері ғарыш айлағында табан аудармай 30 жыл тер төкті. Оның 20 жылын мұражайға арнады. Жолдасы мен 2 ұлы да ғарыш саласында қызмет істейді. Сондықтан әр жәдігер туралы терең толғаныспен айтады. Мәселен, 1992 жылы ең алғаш ғарышта болған Қазақстанның мемлекеттік туы да музейде сақталып тұр.

Антонина Богданова, «Байқоңыр» ғарыш айлағы музейінің директоры:

- Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Байқоңырда сол кездегі атауымен Ленинск қалалық әкімдігі пайда болған еді. Сол жылы 17 шілдеде қала орталығында тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты түрде көкке көтерілді. Ал 27-ші шілдеде ғарышқа аттанған Ресей және француз ғарышкерлері қала әкімшілігінің өтінішін орындап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын ғарышқа ала кетті. Екі аптадан кейін егемен елдің туы ғарышкерлермен қатар жерге аман-есен оралды. Қазақстанның ең алғаш ғарышта болған мемлекеттік туы қазір музейде сақталып тұр.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың аспан әлеміне сапары алдындағы баспасөз мәслихатының киіз үйде өткені, Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ең алғаш туристі алып ұшуы секілді қызықты естеліктерді «Достық» орденінің иегері Антонина Богданова таңды таңға ұрып айтуға дайын. Оны көпшілік ғарышкерлік тарихтың тірі шежірешісі деп біледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов

Хабар 24 телеарнасы