386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Kazakh TV» арнасы қырғыз тілінде хабар таратады

  • 1278
  • UPD: 21:51, 01.05.2018

Бүгіннен бастап Kazakh TV ұлттық спутниктік телеарнасы қырғыз тілінде хабар таратуды бастады.

500-ге жуық бағдарлама қырғыз тіліне аударылып, дыбысталып эфирге дайын тұр. Айырқалпақты ағайын бағдарламаларды тәулік бойы тамашалай алады. Осыған дейін «Хабар» агенттігінің құрамындағы «Kazakh TV» ақпараттық-танымдық үш тілде хабар таратып келген. Енді оған қырғыз тілі қосылды.

«Kazakh TV» телеарнасы өз аудиториясын еселей түсуді көздейді. Осы мақсатта таралым қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар қырғыз тілінде де көрерменге жол тартты.

Яғни 1 мамырдан бастап төртінші дыбыстық жол іске қосылды. Тілдерді ауыстыру үшін пульттің көмегімен мәзірдің аудио бөлімінен төрт тілдің біреуі таңдалады. Мұндай мүмкіндік қазақстандық телевизияда алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл формат халықаралық теленарықта арнаның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.

Сандуғаш Рахымжанова, Kazakh TV арнасының директоры:

- Біз қырғыз тілінде хабар тарату жұмыстарына дайындықты былтыр бастап кеткенбіз. Нақтырақ айтсам, өткен жылдың қараша айынан бастап кірістік. Осы уақытқа дейін көп шаруа жасалды. Басты мақсат – жаңалықтар мен  бағдарламалар арқылы Қазақстанның мәдениеті мен тарихын, туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін бүкіл әлемге тереңірек таныстыру. Жоспарларымыз тіптен ауқымды. Жаңа маусымда өзбек және қырғыз ағайындармен бірлесіп түсірген бағдарламаларды көрермен назарына ұсынамыз.

Қазақ пен қырғыз тамыры бір бәйтерек секілді. Алатаудың етегін қоса жайлаған ел бағзыдан аралас. Бүгінде қос тараптың қай тұрғыдан болсын байланысы бекем.

Енді қырғыз ағайындардың «Kazakh TV» арнасын өз ана тілдерінде көруге мүмкіндік алды. Қырғыз тілінде хабар тарататын редакторлар, дикторлар, аудармашылар байқау бойынша қабылданған. Солардың бірі бұрын қырғыз радиосында жұмыс істеген диктор – Диналиана Жұнышева. Ол «Қазақстан туралы түсірілген бағдарламалар сапасы мен мазмұны жағынан терең әрі мағыналы. Сондықтан көрермендерге қызықты болады деп ойлаймын», – дейді.   

Диналиана Жұнышева, «Kazakh TV» арнасының редакторы:

- Біз арқылы жасалып жатқан жұмыстардың барлығы екі елді – қазақ және қырғыз елдерін біріктіреді, ынтымақты арттырады деп ойлаймын. Тағдырымыз бір ел. Бағдарламаларды аударып жатқан кезде, достығымыздың берік екенін сезіп тұрамыз.

Айта кетейік, арна 2002 жылы «Caspionet» болып құрылған, 2012 жылдан бастап Қазақстанды танытып, насихаттау мақсатында атауы «Kazakh TV-ға» ауыстырылды. Арна әлемнің 115 мемлекетінде көрсетіледі. Күзге қарай «Kazakh TV» ұлттық спутниктік телеарнасы өзбек тілінде хабар таратуды жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы