387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2017 жылы 136 жеткіншек өз-өзіне қол жұмсаған

  • 723
  • UPD: 21:55, 31.05.2018

Елімізде бала құқығын қорғау жөніндегі стратегиялық жоспар мен арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керек.

Бүгін депутат Зағипа Балиева Мәжіліс қабырғасында осылай деп мәлімдеді. Ал бұл құжаттарды жүзеге асыру үшін бірыңғай мемлекеттік орган құру қажет. Өйткені Қазақстанда бала өлімі мәселесі түпкілікті шешілуі тиіс.

Бүгін Мәжіліс залына бетперде киген белгісіз адам кірді. Жұрт аң-таң. Себебі бұрын-соңды депутаттар алдында жүзін жасырып сөйлеген ешкім жоқ. Келбетін тұмшалаған бұл қыз мәжілістің биік мінберінен бастан кешкен ауыр тағдырын баяндады. Содан болар жүзін көрсетпеді. Тіпті оның есімі мен жас шамасын балалар құқығын қорғайтын уәкілден өзге ешкім білмейді.

Көрер жарығы бар екен. Ата-анадан айырылып, күйзелген қыз соңғы сәтінде сенім қызметіне хабарласуды ұйғарыпты. Осы бір ғана қоңырау бәрін күрт өзгерткен. Мамандар қызды суицид жасаймын деген райынан қайтарып, өлімнен арашалады. Жалпы, «111» қызметіндегілер былтырдың өзінде «өз-өзіме қол жұмсаймын» деген жүзден аса баланы аман алып қалған. Бұл қазір пышақ жүзді мәселеге айналды. Сондықтан елімізде балалардың құқығын қорғайтын арнайы мемлекеттік орган құру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін депутат Зағипа Балиева айтты. 

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Қазір елімізде балалардың құқығын қорғау ісін 11 ведомство реттейді. Олардың арасында байланыс орнату біраз қиындық туғызып отыр. Бұл бағытта стратегиялық жоспар жоқ. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бала құқығымен айналысуы үшін мемлекеттік жоспар құру қажет.

Зағипа Балиеваның айтуынша, соңғы 10 жылда елімізде балалар арасындағы өлім-жітімнің жалпы деңгейі төмендеген. Бірақ суицид, жол апаты, оқыс оқиғадан көз жұматындардың қатары әлі азаймай тұр.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі елімізде жылда тіркеледі. Айталық, 2013 жылы 200 бала суицидтің құрбаны болса, былтыр 136 жеткіншек өзінің өмірін өзі қиды. Бұл ойланарлық жайт.

Енді алдағы уақытта елімізде балалар соты, тергеушілер мен прокурорлар сынды жаңа қызметтер пайда болмақ. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Әділет және құқық қорғау мамандарын даярлайтын академияда балалардың мүддесіне жауап беретін арнайы курстар енгізілген.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Дариға Ташенова, Ернұр Досжанов, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы