386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да әлеуметтік нысандар құрылысы қарқындады

  • 409
  • UPD: 12:12, 27.06.2018

Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Бұл тұрғыда биыл өңірде 80-нен астам жоба іске асырылады. Әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру саласына байланысты бірнеше ғимарат қолданысқа беріледі. Қазір облыс орталығы Өскеменде 200 орындық балалар ауруханасы аяқталуға жақын қалды. Алайда мердігер компания өкілдерін тиісті қаражаттың толық бөлінбеуі алаңдатып отыр.

25 жыл бойы құрылыс саласында жұмыс жасап келе жатқан Серік Мұздыбаевтың әр нысанға деген жауапкершілігі жоғары. Қай істі де назардан тыс қалдырмайды. Өз мамандығына адал азаматың тіпті ұлдары да құрыш қолды құрылысшы болуға ниетті екен. Балалар ауруханасын салуда ол әр кірпіштің дұрыс қалануын бастан-аяқ қадағалап келеді.

Серік Мұздыбаев құрылыс учаскесінің бастығы:

– Мына аурухана балаларға арналғандықтан, сапасына аса мән береміз.Қолданылған материалдардың сапасы жоғары. Нысан қалаға керек, соған байланысты жұмыстың сапасына да қатты қараймыз.

Жаңа ықшам ауданда бой көтеріп жатқан 4 қабатты мекемені салу құны – 13 миллиард 150 миллион теңге. Қазір ғимарат құрылысының 85 пайызы аяқталып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары мен сантехникалық жарақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр. 300-ден астам адам еңбек етіп, 30-дан астам техника жұмылдырылған. Егер осы қарқыннан таймаса, биыл желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Алайда мердігер компанияны тиісті қаражаттың толық бөлінбеуі алаңдатып отыр. Әзірге тек 3 жарым миллиард теңге ғана игеріліпті.

Лұқбек Тұмашинов, мердігер компанияның бас директоры:

– Құрылыс аяқталып қалды, бірақ ішіндегі жабдықтар мәселесі шешілген жоқ. Биылғы жылы республикалық тараптан бөлінген ақша 750 миллион теңге, ол қаражат 1 айда ғана атқарылатын жұмысқа жетеді.

Облыста өзге де әлеуметтік мекемелер құрылысы қарқындаған. Мәселен, аймақта  қазір жалпы 2 миллиард 700 миллион теңгеге 4 мектеп салынып жатыр.

Ернар Мәулетханов облыстық сәулет-құрылыс басқармасының басшысы

– Шалғай аудандарды атап айтатын болсақ, Мақаншы ауылында мектеп құрылысы жүріп жатыр, 1 қыркүйекке дейін жұмыс бітіп, тапсырысқа беріледі және де Аягөз қаласының Южный кентінде 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр.

Биыл өңірде құрылыс саласындағы салмақты жобалар үшін республикалық бюджетен 30 миллиард теңге қаражат қарастырылған.

Авторлары: Э.Ахметова. Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы