365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Білім күні Ақтөбеде екі мектеп ел игілігіне тапсырылды

  • 238
  • UPD: 10:36, 01.09.2018

Қаладағы халық көп шоғырланған ауданда салынған білім ошағына Әлкей Марғұланның есімі берілді.

Ал қала шетіндегі Ясный-2 ауылында ашылған оқу ордасы Фариза Оңғарсынованың атымен аталды. Заманға сай салынған су жаңа мектептерде 1500 бала білім алады.

Әлкей Мағұлан атындағы мектепте 600 бала білім алады. Оқушылардың көбі саяжай аумақтарында тұрады. Олар бұрын қашықтағы мектептерге қатынап оқитын.

Нұргүл Байниязова, Ә.Марғұлан атындағы орта мектеп директорының м.а.:

- Осы аудандағы үлкен бір мәселе шешілді деп айтуға болады. Оның бірі, көрші мектептердегі 3 ауысымдық мәселесі шешілді.  Екіншіден, саяжайдан, қашықтан қатынайтын балалар өздеріне жақын мектепке баратын болды.

Жаңа мектепте сапалы білім беру үшін бар жағдай жасалған. Пәндік кабинеттер, шеберханалар, компьютер сыныптары жабдықталған. Үлкен акт залы мен спорт залы және медициналық кабинеті бар. Әр балаға арнайы шкаф қойылған. Яғни оқушы күні бойы ауыр заттарын арқалап жүрмейді. Мектеп ауласында спорт алаңы мен демалыс аумағы бар.

Гүлдана Жаңабайқызы, қала тұрғыны:

- Бүгінгі жаңа ашылып жатқан мектепке өте қуаныштымыз. Бұрын балаларымыз ескі мектептерге барған. Өзім екі бала әкеліп тұрмын, екі қызымды. Біреуі – 3 , біреуі 5 сыныпқа келді. Қуаныштымын.

Ал Ясный ауылындағы мектеп 900 оқушы қабылдайды. Қала маңындағы ауылда 5 мыңға жуық халық тұрады. Жыл санап сырттан көшіп келушілердің қатары көбейген. Мектепте оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, жан-жақты білім алуына бар жағдай жасалған. Толықтай жабдықталған мультимедиалық кабинет, интерактивті тақта, спорт залы мен асханасы бар.

Мектептердің ашылу салтанатында қаладағы 10 орта мектепке шағын автобустар берілді. Көлік алыс аудандарда тұратын оқушыларды тасымалдайды. Қазір облыста 17 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2020 жылға дейін 3 аусымда білім беретін және апатты жағдайда тұрған мектептер түгелдей жойылуы тиіс.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Астанада жолаушыларды мінгізу және түсіру кезінде автобустардың барлық есіктері ашылатын болады Ордабасыда саманнан салынған мектептер жойылады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы