365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғандағы тіл айлығы: байқау жеңімпаздары марапатталды

  • 468
  • UPD: 22:15, 05.09.2018

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай Талдықорғанда «Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форум өтті.

Шара барысында өңірдегі «2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік тілдің қолданылу және дамыту аясын кеңейту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, тіл айлығы аясында өткен түрлі байқаулар қорытындыланып, жеңімпаздары марапатталды.

«Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форумды Ақсу ауданындағы Ақсу халық театрының әртістері театрландырылған қойылыммен ашып берді. Онда ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған батыр бабаларымыздың ерлігі сахналанды. Қойылым аяқтала салысымен тіл айлығы аясында өткен түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Айдар Башбаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

- Алматы облысында тіл айлығы жарияланған болатын. Сол айлықтың аясында көптеген байқаулар мен тілдің қолданылу аясын кеңейту тұрғысындағы шаралар өткізілді. Сол шараларды біз бүгінгі мерекеде қорытындылап, нәтижесін шығарып отырмыз. Бүгінгі Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні құтты болсын!

Алматы облысында тіл айлығы барысында «Тіл – парасат» байқауымен қатар «Тіл шебері», «Славян жазулары», «Латын әліппиінде эссе жазу» және көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды. Ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін нақышына келтіре оқитын Александра Михеева бүгін  «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы атанды. Ол тұсаукесер, диалог құру, эссе жазу, өз өнерін көрсету сияқты төрт кезең бойынша өтті. 

Александра Михеева, «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы:

- Өте жақсы. Әрине, үйдегілердің бәрі қуанып жатыр. Өзім бас жүлде аламын деп ойламадым. Себебі қарсыластарым мықты. Ешқандай мүмкіндік болмайды деп ойладым. Жүрегім қазақ тілі деп соғады. Жүрегім қазақ деп соғады.

Өткен жылы елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді. Әрине, тіл мерекесін атап өту үшін бұл күн тегіннен-тегін таңдалған жоқ. 1872 жылы 5 қыркүйекте қазақ тіл білімі ғылымының атасы, көрнекті әдебиет зерттеушісі Ахмет Байтұрсынов дүниеге келді. «Бұл салада атқарылатын жұмыстардың ауқымы өте кең. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесіне айрықша басымдық беріледі, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Алматыда миграциялық ХҚКО ашылды Оралда апатты үйлердің тұрғындары баспаналы болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы