366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында 7 спорт жобасы жүзеге асырылады

  • 94
  • UPD: 10:04, 09.10.2018
Павлодар облысында 7 спорт жобасы жүзеге асырылады

Ертіс өңірінде спорт саласында алдағы екі жылда жеті жоба жүзеге асырылмақ.

Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сай спорт объектілерінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Тарқатып айтсақ, олимпиадалық талаптарға сай 50 метрлік жүзу бассейні, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекке арналған жаңа мұз аренасы бой көтеруде. Сонымен қатар спорт қалашығының аумағында жеңіл атлетикалық және футбол манежі пайда болады.

Елбасы халыққа жолдауында кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Мақсат айқын, оны жүзеге асыруда қаржылық қолдау бар. Павлодарда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында заманауи жүзу бассейні салынуда. Жоба құны – 2 млрд теңгеден астам.

Халықаралық стандарттарға сай бассейннің ұзындығы – 50 метр, тереңдігі 2 метр 25 сантиметрді құрамақ. 300 орындық трибуна да қарастырылған. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Нысан халықаралық стандарттарға сай болғандықтан, заманауи технологиялар да қолданылуда.

Әлемдік жарыстарды өткізудің өз талаптары бар. Жарыс барысында жаңғырық пен өзге дыбыстар кедергі келтірмес үшін осындай акустикалық материал қолданылады. Жаңашық технология негізіндегі дыбыстық оқшаулау жұмыстарымен бір топ шетелдік маман айналысуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да басты назарда. Спортшылар үшін арнайы жуыну бөлмелері мен көтергіштер қарастырылған.

Виталий Мезько, мердігер компания өкілі:

- Бұл – біздің өңір үшін бірегей әрі өте қажет спорттық нысан. Халықаралық стандарттарға сай осындай бассейннің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс кестеге сай. Кейін жүзу бассейнінің айналасында ескекті есу арнасы да салынады. Бұл өз кезегінде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға сеп болады.

Ертіс өзенінің бойында ескекті есу арнасының болуы заңды құбылыс. Былтыр өңірде 20 жылдан соң академиялық мектеп жаңғырды. Ал келесі жылы ұзындығы екі шақырымнан асатын арна салынбақ.

Кезінде тұралап қалған «Спорт-сити» жобасы қайта жанданды. Қазіргі уақытта кезінде арман болған жабық мұз алаңы бой көтеруде.

Павлодардың «Спорт-сити» қалашығының аймағында «Құлагер» ипподромы ғана орналасқан. Алдағы уақытта олардың қатары тағы төрт нысанмен толықпақ. Олардың қатарында мұз аренасы, жабық жеңілатлетикалық манеж, жабық футбол алаңы, сонымен қатар олимпиадалық дайындық резерві орталығы бар. Құрылыс жұмыстары алдағы екі жылдың ішінде аяқталады деп күтілуде.

Бүгінде облыс тұрғындарының 30%-дан астамы бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Бұл 228 мың адам деген сөз. Көрсеткішті арттыру үшін ауылдық спорт саласына көңіл бөлінуде.

Марат Айдашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Бүгінде төрт аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары мен футбол алаңдары салынып жатыр. Ал Железин ауданында шаңғы-роллер жолы салынады. Ені – 5 метр, ал ұзындығы бір шақырымға жетеді. Осы тектес нысандар бұрын-соңды болмаған.

Келер жылы Ертіс өзенінің бойында триатлон және дуатлон парктері салынады. Спорттық инфрақұрылым жалпақ жұртшылыққа қолжетімді болмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы