360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысындағы 600 кәсіпорын салық амнистиясына ілігеді

  • 196
  • UPD: 23:38, 10.10.2018

Бұл туралы Ақтауда аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен облыс активі жиынында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

«Жолдауға сәйкес амнистия - биылғы жылдың 1 қаңтары мен 1 қыркүйегіне дейінгі аралығында салық берешектері төленбеген жағдайда ғана жүргізіледі» - деді кездесуде өңір әкімі. Қазір жауапты мамандар қолдау көрсетілетін шағын және орта бизнес нысандарының тізімін жасақтауға кіріскен.

Жеке кәсіпкер Альберт Битнер ашқан жиһаз құрастыру цехы Ақтаудан бөлек көршілес аймақтардан да тапсырыс қабылдайды. Өз қаржысына заманауи үлгідегі құралдарды туған өңіріне жеткізген бизнесмен онға тарта адамды тұрақты қызметке алған. «Салық амнистиясына іліккен кәсіпорындар кейін ол қаржыны өндіріс көлемін ұлғайтуға жұмсайды. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары ашылады» - дейді ол.

Альберт Битнер, жеке кәсіпкер:

- Жолдауда айтылған салық амнистиясы туралы естіп, қуанып отырмын. Бір ескеретіні, бұл жерде кәсіпкер төлейтін салық емес, оны төлемеген жағдайда үстіне қосылатын айыппұл мен өсім алынады. Бұл - шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен жеңілдік. Ал мемлекет қолдауын салығын адал төлеп жүрген кәсіпорындар ғана алуы керек деп есептеймін.

Өңір басшысының айтуынша, салық амнистиясына бас-аяғы 600 кәсіпорын ілігеді. Бұл бағытта жергілікті мемлекеттік кірістер департаменті мен кәсіпкерлік және сауда басқармасы аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе шағын және орта бизнес нысандарымен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Нұрбек Қарасаев, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге бизнестің мойнына ілінген айыппұлдардың бәріне амнистия жарияланды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің мойнындағы бүгінгі күнгі айналымының үстіне тағылған айыппұлдың бағасы өте көп. Сондықтан мына айыппұлдарды алатын болсақ, ол қолын босатып, ары қарай жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді деген сөз. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау.

Айта кеткен жөн, шалғай өңірдің кәсіпкерлері құзырлы мекемелер қолдауын іс жүзінде сезініп келеді. Мәселен, Ақтаудағы өкілетті орган 16 шағын және орта бизнеспен әріптестік келісімге қол қойған. Құжат негізінде кәсіпкерлік жобасының еш кедергісіз жүзеге асуы бақылауға алынған. Қиындықтар туындаса, заң жүзінде шешілуіне араласады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Хабар 24 телеарнасы