389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Nur Otan» партиясы қызметтегі қыз-келіншектерге құрмет көрсетті

  • 679
  • UPD: 20:56, 08.03.2019

«Nur Otan» партиясы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде қызметте жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев елордадағы бірнеше нысанды аралап, нәзік жандыларға сый-сыяпат жасады. Сонымен қатар халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды атап өтті. 

Қыз-келіншектерге құрмет көрсету №1 қалалық ауруханадан басталды. Мұнда жалпы саны бір мың бір жүзден астам қызметкер жұмыс істейді. Соның жартысынан көбі нәзік жандылар. Антына адал болып, адам өміріне араша түсу үшін олар күні-түні тыным таппайды. Бүгін Мәулен Әшімбаев кесте бойынша жұмысқа түскен аруларға арнайы барып, ыстық лебізін білдірді.

Қали Рауаш, №1 қалалық аурухананың медбикесі:

– Барлық әйелдер қауымына денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Осы мейрамда «Nur Otan» партиясынан көңіл бөліп, құттықтап жатқанына алғыс айтамыз.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев шаһардағы мамандандырылған балалар үйіне келіп, тәрбиешілерге ақ тілегін білдірді. Мұнда орталық жүйке жүйесінде ақауы бар бүлдіршіндерге ем-дом жасалады. Сонымен қатар жаңа туған нәрестеден бастап, төрт жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Партия төрағасының бірінші орынбасары мекеме тәрбиешілерінің атқарып жатқан игі істеріне алғыс айтты. Отбасын сақтау, жетімді жылатпау мәселелерінде партия тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Әйелдер мерекесінде көпбалалы аналардың назардан тыс қалуы мүмкін емес. Сондықтан Мәулен Әшімбаев жеті баланы жетілдіріп, үлкен әулеттің анасына айналған Нұрила Жетпісқызына арнайы барды. Сексеннің сеңгіріне шыққан әжейдің 18 немере, 10 шөбересі бар.

Әжейдің үшінші қызы Майра да – алты баланың анасы. Бүгінде алды отау құрып, немере сүйгізген. Сондықтан ол елімізде көпбалалы аналар мен жас отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің маңыздылығына тоқталып, партия жұмысына табыс тіледі.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы