378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісулық мейірбике бай тәжірибесімен шәкірттерімен бөлісіп келеді

  • 269
  • UPD: 23:13, 09.03.2019

Адалдық пен тазалық – медицина саласы қызметкерлеріне тән қасиет, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сондай өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарайтын абзал жанның бірі – Нұржамал Бозжігітова. Ол Алматы облысы Талғар ауданындағы орталық ауруханада тапжылмай 40 жылдан бері еңбек етіп келеді. 

Нұржамал Шылбырбайқызын аудандағы үлкен-кішінің бәрі жақсы таниды. Ол 1980 жылы Талғар медициналық оқу орнын тәмамдай сала аудандық аураханаға жұмысқа орналасады. Жас маман өзінің ұстазы Кәрім Кәкімжанұлының тәлімін алып, көп жыл бір бөлімде бірге қызмет жасаған. Білімін арттырып, біліктілігін жетілдірді. 

Кәрім Кәкімжанұлы, дәрігер-хирург:

- Өте тамаша маман. Медицина жөнінде оқу мамандығын жетілдірген. Біз амбулаторлық операция жасаймыз. Операция жасаған кезде ол кісі операцияның оңы мен солын, қалай жасау керек, қай уақытта қандай құрал беру керек, соны айтқызбай өзі біліп, көмектесіп тұрады. Хирург үшін өте көп көмек.

Тазалық пен тұрақтылықты ерекше қастерлейтін мейірбике өз мамандығын мақтан тұтады. Өйткені бас ауырып, балтыры сыздап келген науқастың жан жарасын таңып, дертіне ем тауып, талайлардың алғысын алып келеді. Ешкімнен жылы сөзі мен шапағатын аямаған ақ халатты нағыз абзал жан.  

Нұржамал Бозжігітова, мейірбике:

- Медбике деген – адам жанын түсінетін, адамға көмектесетін, ең бірінші жылы сөзімен, аялы алақанымен қолдау білдіретін адам. Дәрігердің оң қолымыз. Біздің кабинет хирургиялық кабинет болғаннан кейін барлық жаралардың жазылғаны, тез арада жазылып кеткені бізге байланысты.

Мейірбикелік міндеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған Нұржамал Бозжігітова болашақ жарымен осы аруханада танысып, шаңырақ көтереді. Бірге жұмыс істей жүріп, аяулы жар, ардақты ана атанды. Ақылына көркі сай төрт қыз өсіріп, екеуін ұзатты. Немерелі болды. Медицинадағы бай тәжірибесімен шәкірттерімен бөлісіп, өмірден түйгенін, өнегесін ұрпақтарына айтып тәрбиелеп келеді. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы