376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» арнасы «Үздік ақпараттық-талдау бағдарламасы» номинациясында топ жарды

  • 164
  • UPD: 23:34, 20.03.2019

Елордада «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүбірлі додада «Хабар 24» арнасының жаңалықтар қызметі «Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Қызыл кілем, қаз қатар тізілген камералар мен көпшіліктің қошеметі. Бүгінгі кештің басты кейіпкерлері – телевизия саласының майталмандары. Биылғы дода «Хабар 24» арнасының ұжымы үшін ерекше шараға айналды. «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің тарихында алғаш рет біздің ұжым «ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» аталымының жеңімпазы атанды.

Ольга Цой, «Хабар 24» арнасының директоры:

– Шынымды айтсам, таңқалып тұрмын. Бүгін таңғы бестен бастап редакцияда қызу жұмыс жүріп жатыр. 20 наурыз біз үшін тарихи күнге айналмақ. «Хабар 24» ұжымы алғаш рет «Тұмар» бәйгесінде топ жарды. Бұл мерейлі аталымның жеңімпаздары – тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп, ешбір қиындықтан тайсалмайтын нағыз батырлар.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі биыл үшінші мәрте өтіп жатыр. Бұл жолы байқау талаптарына айтарлықтай өзгеріс енгізілген. Мәселен, номинация саны 14-тен 9-ға дейін қысқарған. Ал келіп түскен өтініштер қатары 300-ден асты.

Ләззат Сүйіндік, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

– Былтыр техникалық бағыттағы аталымдар саны көп болды. Ал биыл біз жобаларға ерекше назар аударуға шешім қабылдадық. Әрбір жобаны адамдар бірлесіп жүзеге асырады, яғни оператор, монтажер, жүргізуші, продюсер барлығы да өз үлесін қосады. Осы ретте тек бір қызметкерді марапаттау дұрыс емес деп санаймыз.

Дәстүрге айналған байқаудың негізгі мақсаты – жегені жаңтақ, арқалағаны алтын ақпарат саласының қызметкерлерін жігерлендіріп, отандық телевидениенің дамуына серпін беру. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз құттықтау сөзінде қазақ телевизиясының қарыштап дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор екендігін атап өтті.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған қызметі жайында өте ұзақ айтуға болады. Бүгінгі шараға байланыстыратын болсақ, телевидения саласының іргетасы Назарбаевтың кезеңінде қаланды. Тіпті бұл ғимарат та Тұңғыш Президенттің бастамасымен салынды. Сондықтан мен барлық журналистердің атынан Елбасыға алғысымды білдіремін.

Бүгінгі бәйгеде «телевизиялық сериал», «әлеуметтік жоба», «деректі фильм», «телевизиялық маусымның үздік оқиғасы», «ойын-сауық жобасы», «өңірлік тележоба», «тележурналист» және «тележүргізуші» аталымдарының жеңімпаздары да марапатталды. Осылайша, әрбір маман өз саласының үздігі екендігін дәлелдеп қана қоймай, жас буынға үлгі көрсетуде.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы