379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экономикалық тоқырау жылдары Арал жұрты өз даму дәуірін бастады

  • 166
  • UPD: 17:33, 21.03.2019

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Қызылорда облысын таратып, тұрғындарды жаппай өзге өңірлерге көшіру жөніндегі құжат Елбасының жұмыс үстелінде жатты. Дегенмен, ежелден еңбектің шамын жаққан Сыр жұртының жасампаздығына сенген көреген көшбасшы тағы да сарабдал саясаткерлік таныта білді. Қызыл империя түндігі астында, ақпараттық қапаста тұншыққан Арал теңізі ақиқатын БҰҰ-ның биік мінберінен Ел Президенті әлемге паш етті. 1993 жылы іргелес бес мемлекеттің басшы­ларын Қызылорда саммитінде қау­ыштырып, халықаралық Аралды құтқару қорын құрды. Сөйтіп, аймақ экологиялық шеңгелден сытылып, дамудың жаңа дәуірін бастады.

Адамзаттың көз алдында кенезесі кеуіп, құрдымға кете жаздаған Арал теңізі Тәуелсіздік жылдары кемеріне келді. Теңіз басына туған зар-заман сәтте Елбасының пәрменді шарасының арқасында «САРАТС» жобасы жүзеге асырылды. «Ғасыр жобасына» баланған ғаламат жоба аясында теңізден бөлек аймақтағы 158 көлдің арнасы толды.

17 шақырымдық 9 өткізгіші бар алып Көкарал бөгеті салынып, Сырдария суы тұрақтала бастады. Өмір нәрі, тіршілік көзі келген соң теңіз маржаны молайды. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы жақсарып, кезінде үдере көшкен ел-жұрт ата қонысқа оралды.

Бақберген Досманбетов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Облысты жойып жіберетін сұрақ тұрған тұғын. Арал теңізінің жағдайы барлығын ескере келе Елбасы азаматтық, адамгершілік жағдай жасап, халықпен өзі келіп сөйлескен кезде: «ешқайда кетпейміз, ата-баба денесі жатыр дегендей әңгімелерді Аралда естіп, содан кейін шешім қабылдап, осы Аралға үлкен жағдай жасалды. Ел дамуына, Қызылорда облысының дамуына инвестициялар, мұнай компаниялары арқасында халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлкен жағдай жасады. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр өңірінде күріш шаруашылығы айтарлықтай құлдырады. Мәселен, 1995 жылы бар болғаны 143 мың тонна күріш жиналды.  Тұңғыш Президенттің агросаланы дамытудағы кешенді бағдарламалары аясында өнімділік көрсеткіші еселеп өсті. Өткен жылы облыс диқандары қамбаға жарты миллион тонна астық құйып, рекордық нәтижеге қол жеткізді.

Нұрлыбай Ұлықбанұлы, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы:

- Одақ тараған кезде жұрт не істерін білмей қалған кездер болды. Содан кейін жекешелендіру саясаты жүрді. Жеке-жеке қожалықтар құрылды. Қазір соның бәрі шешіліп, Үкімет саясатының арқасында субсидия беріле бастады. Күріш егу ғой біздің бренд. Осыған көмек беріп жатыр. Суға, тұқымға, тыңайтқышқа да беріп жатыр субсидия.

Қазіргі қолданыстағы денсаулық сақтау және білім беру нысандарының 70%-і тәуелсіздік жылдарында пайдалануға берілген. Ширек ғасырдан аса уақыт ішінде аймақта 200-ден астам білім ошағы салынды. Толығымен 3 ауысымда оқыту мәселесі шешілді. «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды. 1997 жылдың өзінде Қызылорда облысында 174 мың аз қамтылған отбасы тіркелсе, қазір 10 есеге дейін азайды. Осынау қиындықтарды Елбасының ерен еңбегі арқасында еңсерген жасампаз сырбойылықтар ел ертеңінің жарқын болуы жолында тынбай тер төге бермек.

Авторы: Қамбар Ахметов

Хабар 24 телеарнасы