376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордай ауданында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше ден қойылып отыр

  • 130
  • UPD: 11:38, 25.03.2019

Жамбыл облысы Қордай ауданында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше ден қойылып отыр.

Биыл ауданда осы бағытта кешенді ипподром салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар мұнда жергілікті жастарды ат баптап, ұлттық өнеріміздің қыр-сырын меңгеруге баулымақ. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қазір дайын тұр. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Қордайда ұлттық спортқа жастардың қызығушылығы жыл санап артып келеді. Өткен жылы арнайы мектеп ашылып оқу бағдарламасына көкпар, бәйге, асық ату, сияқты бірнеше ойындар енгізілген. Жуырда тоғызқұмалақ спортының ерекше түрі қосылды.

Тоғжан Омар, оқушы:

- Бұның артықшылығы командалық ойын болғандықтан бәрі ақылдасып, ойнайсың және бұл математикаға тікелей байланысы бар ойын. Тоғызқұмалақты ойнаған адам есепті жақсы шығарады. Дәл осы спортты таңдаған себебім бұл қазақтың ұлттық ойыны. Осы ойынды бүкіл әлемге танытсам деймін.

Биыл жамбы ату және құсбегілік үйірмесі ашылды. Мектеп директоры әсіресе, құсбегілікке тәрбиелейтін маман табу қиынға соққандығын айтады. Болат Қыдыралы жауапты іске келісім берген жалғыз адам. Ол қазір тың бастаманы жаппай жүзеге асыруға кірісті. Жуырда Қарақия тауының шыңынан бүркіттің балапанын ұстап әкелген. Қазір «Ақ иық» атты мына қыран құсты арнайы баптап жатыр.

Қыдыралы, құсбегі:

- Тез үйренбейді адамға. Кішкене балаларды жаныңа алып, қолына ұстатқызып, сипалатып, бұл да еркелікті сүйеді. Ат баптағаннан да қиын. Ат баптаған оңай. Бұның да ашуы бар. Бұның да өзінің қасиеті бар. Кішкене тоқ болып қалса тағы алмайды.

Қазір ұлттық спорт үйірмелері ауылдың әр бөлігінде орналасқан. Бұл оқушылардың қатынауына қолайсыздық туғызып отыр. Осы мәселені шешу бағытында ипподром салу жоспарда. Қазір 60 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.

Ғалымбек Әлімжанов, Қордай аудандық №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Сол ипподромның сол жерде біздің мектептің базасының барлығы толығымен, мысалы тоғызқұмалақ, жамбы ату, мына көкпар, бәйге спорт түрлері сол жерге алып барып, бір жерден орталықтандырылған деңгейде өткізетін жетістікке жеткелі отырмыз.

Айта кеткен жөн, Қордайда екі бірдей жылқы зауыты салынады. Оған кәсіпкерлер қызығушылық танытып, ұсыныс білдіріп отыр. Қазір әкімдік тарапынан жер телімдері қарастырылып жатыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы