379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттар қабылданып жатыр

  • 240
  • UPD: 21:28, 01.04.2019

Таразда 21 мың теңгенің жәрдемақысына өтініш беруге келген көпбалалы аналардың кейбірі даурығып, қандай құжаттар тапсыру керегін білмей дал болды.

Егембердиевтердің бір айда алатын жиынтық табысы 95 мың теңгеден аспайды. Бұл – олардың отағасының жалақысын, атаулы әлеуметтік көмек пен «Алтын алқа» жәрдемақысын қосқандағы кірісі. Енді мемлекет әр баланың басына 21 мың теңгеден төлейді. Ол үшін тиісті құжаттар қабылдау бүгіннен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрине, 21 мың теңге – мінер атқа, ішер асқа зар болып жүрген отбасы үшін үлкен көмек. Сондықтан бүгін Тараздағы жұмыспен қамту орталықтарында көп балалы аналардың қарасы қалың болды. 300-ге жуық ана қандай құжаттарды тапсыру керегін білмей әлек.

Бұл оқиғаның арты у-шуға ұласып кетпес үшін мұндағы басшылық бәрін түсіндіруге асықты.

Елдос Кеңесбеков, Тараз қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Интернет желісі, БАҚ көздері арқылы жіберген кезде, біз бір ғана жеке куәлікпен ғана қабылдаймыз дегенбіз. Қазір бір ғана куәлікпен қабылдап жатырмыз. Бірақ сәуір айында толығымен құжат өткізуге қарамастан, азаматтардың бәрі бірінші сәуірде тапсырғысы келіп, көп азаматтар осында келіп жатыр.

Атаулы көмектің жаңа тәртібі бойынша жәрдемақы алу үшін бүгіннен бастап жеке куәлігіңді тапсырып, сауалнама толтырсаң жеткілікті. Құжаттарды сәуірдің соңына дейін қалалар мен аудандарда жұмыспен қамту орталықтары, ал ауылдарда әкімдердің өздері қабылдайды.

Тимур Нұрымбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Бұрын егер көп балалы отбасыға 10500 теңге төлесе, енді отбасының жалпы табысын санап, жан басына шаққанда кедейлік мөлшерінен төмен болса, балалардың бәрі кепілдендірілген 20789 теңге алатын болады. Сонда мысалы 4 баласы бар отбасының айлық табысы 100 мыңнан асады.

Жаңа тәртіппен берілетін атаулы көмек Жамбыл облысында 30 мыңға жуық отбасыға қолжетімді болмақ. Ол үшін жергілікті билік республикалық бюджеттен 13,3 млрд теңге бөлуді сұрап отыр. Көп балалы аналар еселенген жәрдемақыны мамырдың бірінен бастап алады.

Авторлары: Ж.Біркенов және Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы