377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында «Еңбек» бағдарламасымен 13 млрд теңге игерілді

  • 67
  • UPD: 22:50, 11.04.2019

Қостанай облысы 2017 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы бойынша 13 миллиард теңгені игерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты аясында өңірдің бір мыңдай тұрғыны жеке ісін ашып, кәсібін кеңейтті. Солардың бірі - Жітіқара ауданында тұратын көп балалы Өзбековтер отбасы. Олар қой шаруашылығын мықтап қолға алған. Алдағы уақытта сырттан асыл тұқымды ешкілер сатып алуды көздеп отыр.

Валентина Өзбекова 18 жасында қазақ жігітімен отау құрған. Қазір жеті баланың анасы. Перзенттері әр салада алдыңғы қатарда. Шығармашылықпен айналысып, спортта жеңіс тұғырынан көрінеді. Бұған үйдегі медальдар мен кубоктар дәлел. Ал былтыр қамқорлыққа алынған Даниил оқуда үздік. Барлығы аралас-құралас.

Валентина Өзбекова, көп балалы ана:

Қиыншылық, әрине, бар. Әр баланың мінезі бар. Бірінші бала жуас, біреуінің мінезі бар. Сол балалармен жұмыс істейміз, сөйлесеміз. Балам былай істе, былай болмашы. Дұрыс жолмен жүр. Балалар тыңдайды, сыйлайды.

Осыдан үш жыл бұрын отбасы мемлекеттік бағдарламаға атсалысып, шағын несиеге қол жеткізді. Бүгінде қой шаруашылығын мықтап дамытқан. Отағасы күні бойы өрісте мал бақса, Валентина қорадағы аз-кем төрт түлікке қарайды. Енді ешкі өсіру кәсібіне ден қойып, оны да табыс көзіне айналдырсақ дейді. Себебі, тұрғындар тарапынан ешкі сүтіне сұраныс мол.

Валентина Өзбекова, көп балалы ана:

- Асылтұқымды ешкілерді Ресейден сатып алуды көздейміз. Қазір өзімізде жалғыз ламанча сүтті ешкі тұқымы бар. Ерекше күтімді қажет етпейді. Сүті сапалы, әрі дәмді.

Жітіқара ауданы бойынша 189 көп балалы отбасы бар. Сәуірден бастап жаңа атаулы әлеуметтік көмек бір мыңға жуық отбасыға беріледі. Оларды кәсіпке, еңбекке тартуда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Әлия Мекебаева, Жітіқара ауданы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

-Жұмыссыз ретінде есепте тұрған көп балалы әйелдерді қоғамдық жұмыстарға тартып жатырмыз. Оларға ең кемі 63 мың теңге жалақы беріледі. Арнайы мамандықты меңгерудің қажеті жоқ. Өте тиімді бағдарлама.

«Еңбек» бағдарламасы аясында облыста жеке іс ашып оны кеңейтуге шамамен 4 млрд теңге бағытталды. Шағын несие алушылармен бір мыңдай жұмыс орны ашылған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы