389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда жарты ғасыр бұрын салынған гидроцех жөндеуден өткізіледі

  • 517
  • UPD: 22:06, 23.04.2019

Жезқазған қаласындағы жарты ғасыр бұрын салынған гидроцех жөнделіп, суды сүзгіден өткізудің жаңа технологиясы енгізілмек. Бұған қоса Үйтас-Айдос құдығынан құбыр тартылып, жақын жылдары халық жерасты суын ішеді.

Ал Кеңгір су қоймасы өндірістік мақсаттарға жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, су жүйесі 2025 жылға дейін толық жаңартылады. Ол үшін 12 миллиард теңге қаржы керек.

Жезқазған қаласының тұрғыны Сәуле Тұрғынбек тіршілік нәрін дүкеннен сатып ішеді. Бірақ қалтаны қағатындықтан, кейде түсі сарғыш, дәмі темір татитын кран суын тұндырып тұтынуға тура келеді, - дейді ол. 

Сәуле Тұрғынбек, жезқазған қаласының тұрғыны:

- Ананың суы кір жууға ғана жарайды, ішуге жарамайды. Бірақ біз амалсыздан ішіп жатырмыз. Ақшамыз болса сатып аламыз. Сол кран суын ішіп жатырмыз енді. Кейде су сап-сары болып кетеді, жердің астын тазалайды ғой, сонда. Бірақ ағызып қоямыз, 15 минуттан кейін ішеміз.       

Тұрғындардың бұл пікірімен жергілікті билік өкілдері келіспейді. Олар су құрамы стандартқа сай деп отыр. Алайда сол суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын нысанның бүгінде әбден тозығы жеткен, технологиясы да ескіріпті. Негізі жаңа гидроцех мұнда 2017 жылы салынуы тиіс-тін. Бірақ қаржы тапшылығынан тоқтап қалған. Қазір бұл жұмыс қайта жанданды. Жақында жобаның екінші кезеңі жүзеге асады.

Ақсәуле Құрманбаева, зертхана меңгерушісі:

- Технология ескірген. Енді 1965 жылдан бастап мынау тұндырмалар, фильтрлер жұмыс істеп келе жатыр. бірте-бірте бұлар ескіріп жатыр. Сондықтан бізге екінші очередьте гидроцехты жаңартып берсе, жақсы болар еді.

Тоқсан мыңға жуық тұрғыны бар Жезқазған шаһары жылына 27 миллион текше метр су тұтынса, соның 60 проценті Кеңгір су қоймасынан алынады. Қалғаны Үйтас-Айдос құдығынан келеді. Жерасты суын ұлғайту әзір мүмкін болмай тұр. Себебі құбырлар ескірген, қатты қысымға шыдамай, жарылып кетеді. Бүгінгі күні тек 15 шақырым құбыр ауыстырылған. Қалған 47 шақырымын жаңалауға қаражат болмай келді. Алайда жергілікті билік биыл Қожамсейіт жобасын қолға алды. Енді сол арқылы толық ауыстырмақ.

Нұржан Орынбаев, жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Қаламызда 27 миллион текше метр ауызсу пайдаланатын болса, соның 11 миллионы Қожамсейіттен келсе, қалған 16 миллионын Үйтас-Айдостан алуға мүмкіндік болады. Үйтас-Айдостан су келетін болса, Кеңгір су қоймасынан су алынбайтын болады. Тиісті қаражаттар нақтыланып, бөлінетін болса, бұл жұмыстардың барлығы 2025 жылға дейін аяқталады. Өйткені жаңағы жобалық-сметалық құжаттағы құрылыс жұмыстарының сомасы көп болып тұрғандықтан, кезең-кезеңімен бөлінетін болады. 

Осылайша қала толықтай жерасты суына көшсе, Кеңгір су қоймасы тек өндірістік мақсаттарға пайдаланылмақ. Бірақ ол үшін 12 миллиард қаржы керек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы