389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядан елге оралғандар бейбіт өмірге бейімделіп жатыр

  • 593
  • UPD: 23:45, 17.05.2019

«Жусан-2» операциясы арқылы Сириядан елге жеткізілген отандастарымыз Ақтауда бейбіт өмірге бейімделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оңалту орталығында 55 әйел мен 162 балаға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде.

Құтқарылғандардың барлығы жіті тексерілуде. Егер лаңкестікке қатысы болатын болса, жауапқа тартылады. Қазір 16 ер адам мен 4 әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.

29 жастағы Айсұлудың елге жеткізілгеніне бір апта болды. Қуанышын әлі баса алмай жүр. Тамағы тоқ, көйлегі көк, ең бастысы, лаңкестердің азабынан құтылды. Ол 2011 жылы жолдасына еріп Сириядан бір-ақ шыққан. Алғашқы жылы-ақ күйеуі өз-өзін жарып жіберіп қайтыс болды. Айсұлу өзін қорғау үшін тағы екі рет тұрмыс құрған. Барлығы да соғыста опат болыпты.   

Айсұлу:

- Басында бәрі жақсы болды. Сосын басталды. Неше түрлі зұлымдар, адамдарды өлтіру, мысалы, мұсылмандарды өлтіреді, кетем дей ме, бірден өлтіреді. Жолға шықса, ұстап алып өлтіреді. Түрмеге қамайды. Аштықты да көрдік. Мысалы, 1 кг күрішті 10 күн жейсің, сорпа қылып ішесің.

Қазір Айсұлу өзінің 3 баласымен оңалту орталығында тұрып жатыр. Шырғалаңнан құтқарған еліне алғысы шексіз. Себебі ол ұрпағының қауіпсіздігіне алаңдады. «Балаларым Сирияда қалғанында Отанына қарсы шығар қатыгез ұл мен қыз боп өсер еді», – дейді ол.

Айсұлу:

- Қанша қателесіп, адасып, не істесек те бізді тастаған жоқ, алып келді. Рақмет айтамыз.

Оңалту орталығында балаларға балабақша мен мектеп бөлмесі ашылған. Жылдар бойы білім алмаған балалар оқып, санау мен қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп жатыр. «Бастапқыда адамнан үркіп, тілдесуге қорқатын, қазір бір-бірімен ойнап, күле бастады», – дейді мамандар.

Нұржанай Боқышева, психолог:

- 15 жасқа дейінгі балалармен жеке-жеке жұмыс өткіземіз. Сол кезде өздері нені көзімен көрді, соны айтып отырады. Айтады, біз су алуға қорқатынбыз. Басында ылғи ер адамдарды атып тастайтын еді, қазіргі таңда ол әйел ме, бала ма, бәрібір ата беретін болды. Сондықтан қорқамыз.

Әйелдердің бойында да оң өзгерістер байқалуда. Қара киімдерін ашық түсті киімдерге ауыстырған.

Кеңшілік Тышқанұлы, Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі:

- Саяси позициялары тез өзгеруі мүмкін, бірақ сенім мәселесі өте жүректен орын алғаннан кейін, ол өте көп уақыт сақталады. Сондықтан біраз уақыт ішінде көзқарастары өзгеріп кетті деп айту қиын. Өйткені ана жақтағы жағдайды өздеріңіз түсініп отырсыздар, тығырыққа тірелгеннен кейін біздің мемлекет оларға қол ұшын созып отыр. Сондықтан да олар қазір түрлі мамандармен сұхбаттасып, сөйлесуге, келісімге барып отыр. Соны пайдаланып, мамандар ретінде олармен әртүрлі тақырыпта, соның ішінде дін тақырыбында талқылаулар жасап, өздерінің көзқарастарын, ұстанымдарын өзгерту үшін жұмыс істейміз.

«Жусан-1» операциясы бойынша жеткізілген әйелдер бүгінде туған-туыстарына оралып, қалыпты күн кешуде. Мамандардың айтуынша, басым бөлігі хиджап, паранжаларын тастапты. Бірі жұмысқа тұрса, енді бірі кәсіби білім алу үшін арнайы курстарда оқып жатыр. Бастысы, адасқанын ұғып, өмірге деген көзқарасын өзгертті.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы