378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісу жұртшылығы Ілияс Жансүгіровті еске алды

  • 135
  • UPD: 09:13, 01.06.2019

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»,- деп жырлаған Ілияс Жансүгіровты Жетісу жұртшылығы еске алды.

Ақынның кіндік қаны тамған Ақсу ауданы Ойтоған ауылындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ұлт перзентін ұлықтау мақсатындағы жиын ауылда ғана емес, облыс орталығында да өтті. Көпшілік бюст маңында топтасып, ақынның өлеңдерін оқып, өмірінен сыр шертті. Ілияс Жансүгіров 1937 жылдың тамызында тұтқындалды. Артынша «Халық жауы» атанып, ату жазасына кесілді. Дара тұлға 44 жылдық ғұмырында сан салада қалам тербеді. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлес қосып, артына өшпес мұра қалдырды. Бүгінде ақынның көзі тірісінде пайдаланған құнды жәдігерлер мен құжаттар облыстық музейде сақтаулы тұр. 

Нұргүл Жауынбаева, І.Жансүгіров атындағы әдеби музей меңгерушісі:

- Ақынның отбасы тұтынған кілем, плащы бар. Таяғының макеті, тағы бір жақсы жаңалық Ілиястың төлқұжатын алдық. 1936 жылы берілген. Бір-ақ жыл ұсталған. 80 жыл НКВД-ның мұрағатында жатты. Былтыр алдырдық.

Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы:

- І.Жансүгіровтың қай жерде жерленгенін, қай жерде мерт болғанын білмейтінбіз. Тек 1992 жылы Ілияс Жансүгіровтың Талғар ауданы Жаңалық ауылында жерленгені анықталды. Сол жерге ескерткіш орнатылды. Жыл сайын қалың жұртшылық сол жердегі екі жарым мың адамға тәу етеді.

Хабар 24 телеарнасы