378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қатонқарағайда «Ұлы дала палитрасы» атты халықаралық суретшілер пленэрі өтеді

  • 115
  • UPD: 22:21, 03.06.2019

Шығыс Қазақстандағы тұмса табиғатымен танымал Қатонқарағай ауданында «Ұлы дала палитрасы» атты халықаралық суретшілер пленэрі өтеді.

Бұл туралы осы мәдени басқосуды ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар арнайы брифинг барысында мәлімдеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткізілетін шараның басты мақсаты – кәсіби бейнелеу өнерін дәріптеп, өлке табиғатын насихаттау.

Қылқалам шеберлерінің пленэрі өлкеде осымен төртінші жыл қатарынан өтпек. Биыл атаулы шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылмақ. Яғни отандық өнер иелерімен қатар, Франция, Түркия, Татарстан, Германия сынды елдерден жалпы 20 адам қатысады.

Есенғали Садырбаев, пленэр кураторы:

– Мұнда қатысқан әрбір суретшіге тақырып еркіндігі беріледі. Ол тек қана пейзаж салуы міндет емес. Ең бастысы әрбір шебер Алтайдың әсем табиғатынан шабыт алса болғаны.

Болат Мекебаев – 22 жылдан бері Германияда тұрып келе жатқан суретші қазақ. Осыған дейін талай танымал орындарда 30-дан астам көрмесі өткен. Дегенмен ол үшін биылғы пленэрдің орны бөлек.

Болат Мекебаев, пленэрге қатысушы:

– Мен қазақпын. Ата тегімді ұмытқан емеспін.Өскеменге алғаш келіп тұрмын. Алтай түркі халықтарының алтын бесігі емес пе? Ендеше осы кездесу өте әсерлі өтеді деген ойдамын.

Өткен жылғы кездесу нәтижесінде жергілікті мұражайлар қорына 100-ден астам туынды табысталған болатын. Өнертанушылар бұл картинкалардың маңызы ерекше деп санайды.

Татьяна Стромская, Невзоровтар отбасы атындағы мұражай директоры (Семей)

– Қордың толығуы – біз үшін үлкен мейрам.Танымал суретшілер туған өлкеміздің табиғатын салады. Осылайша жеріміздің әдемілігін кез келген адамға мақтанышпен көрсете аламыз.

Суретшілер енді Рахман бұлақтары шипажайына аттанып, сол жақта 1 апта бойы шығармашылықпен айналысады. Соңынан Өскеменде жұмыстарын қортындылап, жастарға арналған шеберлік сағаттарын өткізбек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы