389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында қант қызылшасы өсірілетін болды

  • 306
  • UPD: 10:47, 04.06.2019

Ертіс өңірінде қант қызылшасы өсірілетін болды. Өнімнің бұл түрі солтүстік өңірдің диқандары үшін тың жаңалық. Сондықтан бірінші тәжірибелік алқаптарға салынады. Тәтті тамырдың  үздік сұрыптарын анықтаудың маңызы зор. Өйткені Павлодар облысында қант зауытының құрылысы басталады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Шаруалар қант қызылшасының ең жаңа сұрпын салып жатыр. Германиядан әкелінген тұқымның өнімділігі жоғары екен. Суармалы егіс алқаптарында гектарынан 50 тоннаға дейін өнім алуға болады. Ең бастысы тәтті түбірдің құрамындағы қанттың мөлшері  20 проценттен асады. Бұл салынып жатқан қант зауыты үшін таптырмас шикізат көзіне айналмақ.

Мына шаруашылықта қант қызылшасына небәрі бір гектар алқап бөлініпті. Өнімді зерттеп, технологиясын жетік меңгеруге уақыт керек екен. Ал, сұраныс  көбейіп жатса келесі жылы егістік алқабы кеңейтіледі.

Абай Оразымбетов, шаруашылық басшысының орынбасары:

- Біз қант қызылшасын суармалы егіс алқабына салып отырмыз. Сондықтан жоғары өнім аламыз деп сенеміз. Нарық сұранысына қарай өнім көлемін де келешекте арттыратын боламыз.

Павлодардың ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қант қызылшасын оңтүстік өңірлерге жөнелту тиімсіз. Ертіс өңірінде бұл дақылға аса қызығушылық жоқ. Соған қарамастан мамандар жақсы өнім алатындарына сенімді.

Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі егіліп жатқан сұрыптардың ішінен біз ең үздігін таңдап аламыз. Ол келешекте қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ететін өнім болмақ.

Қант зауыты «Ақсу» индустриялды аймағында бой көтереді. Өндірістік қуаттылығы жоспарға сай тәулігіне 6 мың тоннаны құрайды. Жылына 100 мың тонна қант өндірілмек. Бұл елімізге қажетті қанттың шамамен 20 проценті. 

Әлібек  Несіпбеков, «Павлодар» әкк басқармасының төрағасы:

- Бүгінгі таңда «СПК-Павлодар» қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Қант зауыты Ақсу төңірегінде орналасатын болады. Бүгінгі күнде 70 гектар жер бөлінді. Оның техникалық-экономикалық негізі дайындалды. Оны үлкен ресей компаниясы әзірледі. Дүние жүзінде осы қант зауытын салудың көшбасшысы деуге  болады ол компанияны. Қазіргі таңда техникалық экономикалық негіздері біткеннен кейін сметалық құжаттамалары дайындалады.

Өндірісті шикізатпен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыратын  кооператив  құрылды. Оның құрамына аймақтың 10 шаруа қожалығы еніп отыр. Келешекте қант қызылшасының алқабы 15 мың гектер жерді алатын болады. Ертіс өңірінде тәтті тамырдың 8 түрін өсіру көзделіп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы