384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 2 жаңа метро стансасының құрылысы аяқталуға жақын

  • 141
  • UPD: 10:08, 20.06.2019

Алматыда 2 жаңа метро стансасының құрылысы аяқталып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді мегаполистің жоғары бөлігінің тұрғындары ешқандай кедергісіз қаланың орталығына қатынай алады. «Сарыарқа» және «Достық» стансалары іске қосылса, жолаушылар легі екі есеге артады, дейді мамандар.

«Мәскеу» стансасынан қаланың батысына қарай салынып жатқан жаңа метро стансасы мегаполистің жоғары бөлігін орталықпен қосады. Кешкі уақытта бұл бағытта көлікпен жүру өте қиын екенін алматылықтар жақсы біледі. Енді олар жерасты жолы арқылы тұрғындар діттеген жеріне санаулы минутта жете алады. «Сарыарқа» стансасы қаланың 7 шағын ауданын қамтиды.

Дастан Ержекенов, «Алматы құрылыс» АҚ департамент басшысы:

– Құрылыстың 70 пайызы бітіп тұр. Енді әрлеу жұмыстары мен инженерлік сеттер қалды. Екі стансада 700-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Тәулігіне 30 техника жұмысқа шығады.

Қабырғасына сайын дала мен сәйгүліктер бейнеленетін «Сарыарқа» стансасы алдағы екі жылда пайдалануға берілмек. Тағы бір жаңа станса «Достық» бекетін іске қосқанда метро жолы 3 шақырымға ұзарады. Бұл жолаушылар санын екі есе арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар. Ол үшін бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «Қалқаман» стансасының жобалау жұмыстары қолға алынған.  

Қаныбек Нұрмаханбетов, қалалық метрополитен директорының орынбасары:

– Құрылысты бастау үшін ол жердегі жеке үйлер сүрілу керек. Қалқаман стансасын салу үшін 144 үйдің тұрғындарын басқа жерге көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қалқаман» стансасы арқылы алматылықтар Наурызбай ауданының «Жайлау» шағын ауданына дейін жететін болады. Метроны пайдаланушылар саны күніне 100 мың адамға жетіп, жерасты жолы 15 шақырымға ұзарады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Александра Салмина, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы