389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясы мәресіне жетті

  • 579
  • UPD: 10:06, 02.07.2019

21 маусымда Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған «Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясы мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяхатшылар Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарының аумағындағы тарихи нысандарды, табиғи ескерткіштерді, таулар мен орман-көлдерді және киелі орындарды аралады. Бұл - «Ұлы даланың жеті қыры» атты  Елбасы мақаласында көрініс тапқан жылқыны қолға үйрету мәдениетін дәріптеп, атты туризмді насихаттауды көздеген жоба.

«Киелі Қазақстан» экспедициясына 30-ға жуық саяхатшы қатысты. Сегіз күнде олар салт атпен 500, көлікпен мың шақырымды жүріп өтті. Баянауыл ауданы экспедиция мүшелерін ыстық ықыласпен қарсы алды.

Ержан Жаубай, «Киелі Қазақстан» экспедициясының  мүшесі:

- Қазақтың мынау Сарыарқа даласындағы ең керемет жері. Сарыарқамен шектесетін үш облыстың  аумағын жүріп өттік. Ақмола облысы, Қарағанды облысын және бүгін соңғы келіп тұрған Павлодар облысының жерін жүріп өттік. Осы сегіз күнде 470 шақырымды бағындырдық. Бұл бір қарасаңыз оңай шаруа емес

Құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан ғайыр жерімізді балаларымыз атпен жүріп қорғаған. Туризмнің бұл түріне шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. АҚШ азаматы Дуглас Ларсон 500 шақырымға жуық жерді салт атпен жүріп өтсе, Испандық саяхатшы қыз қазақ жерінің көркем табиғаты мен адамдары жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялап отырған.

Аналусиа Родригес, саяхатшы-блогер:

- Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Осы жобаға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Экспедиция барысында адам аяғы баспаған жерлерді көріп қайран қалдым. Бес машина, жиырмаға жуық адам өте қиын жолдармен жүріп өттік. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын.

Айтуынша, жол үстіндегі оқиғалар мен экспедиция жайындағы жазбалары оның оқырмандарының да қызығушылығын тудырып жатыр. «Киелі Қазақстан» жобасының да көздегені осы. Ішкі туризмннің көкжиегін кеңейту.

Нұржан Алғашов, «Киелі Қазақстан» экспедициясының жетекшісі

Экспедиция құрамында 28 адам болды. Олардың 9-ы атпен жүрді. Тағы бір айта кететін жәйт, бізге жол бойы адамдар қосылып отырды. Қалғандары көлікпен жүрді. Олар блогерлер, саяхатшылар, тілшілер мен фотографтар. Экспедияция барысында көптеген материалдар жинақталды.

Атты туризмді дамытуды көздеген «Киелі Қазақстан» жобасы енді Алматы облысында жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы