384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Бұқтырманың үстінен салынатын көпір құрылысына инвесторлар табылмай жатыр

  • 169
  • UPD: 09:35, 05.07.2019

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпір құрылысына инвесторлар табылмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құны 30 миллард теңгеден асатын бұл жобаның жуық арада іске асатын түрі жоқ. Сондықтан судың арғы бетіндегі Күршім ауданындағы жұрттың әлі  қанша уақыт жол азабын тартары беймәлім. Кейбірі тіпті жергілікті халықтың үдере көшуінен қауіптенеді.

27 мыңнан астам тұрғыны бар Күршім ауданының мына екі паромға қарап келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. «55 жыл бұрын шығарылған қос кеменің бұл күндері тозығы жеткен», - дейді мамандар. Бақытбек Нұрпейісов паром қызметіне жауапты басты адам. Қызыл ту өткелінде қызмет еткелі 20 жылға жуықтапты.Су көліктерінің шығыны көп, күтімі қиын екенін жасырмайды. Кеме жүрмесе, қарайған елдің наразылығына ұшырайды.

Бақытбек Нұрпейісов, паром басқарушысы:

- Желдің жылдамдығы 16-18-20 метр секундына жеткен жағдайда паромардың жүруіне болмайды. Тыйым салынады, сол кезде енді машиналар саны жиналады, халық жүрмейді деп наразылық туып жатады.

Жұрт базынасын орынсыз деу қиын. Өйткені өлкедегі жалғыз қатынас осы өткелге тәуелді. Қыста паром тоқтайды. Алтай, Зайсан ауданымен айналып Өскеменге жету әрі ұзақ әрі жол сапасы сын көтермейді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мына көліктердің барлығы Күршім ауданынан қалаға қарай бет алған. Жалпы күніне бұл жерде 400-ге жуық көлік тасымалданады. 30-ға жуық рейс жасалады. Бірақ осының өзі аздық етіп жатады.

Бұқтырманың үстінен көпір салынады деген сөзді естіген жолаушылар бастапқыда қалпақтарын аспанға атып қуаныпты. Алайда дәл қазір үміттерін үзген.

Блиц 1:

- Азабын тартса,халық тартады, одан басқа ешкім емес.Ешкім ойламайды да.Көшіп жатыр. Әне, 18 жанұя көшеді дейді Боранның өзінен.

Блиц 2:

- Үміт үзілді, айтады неше жыл болды, он жыл болды ма, жылда салады деп салмайды.

Блиц 3:

- Қайғыға да, қуанышқа да барамыз, соған ертерек жетсек деп ойлаймыз,кейде жете алмай қаламыз.

Көпір мәселесінің өлкедегі жұртты толғандыратын ең өзекті проблема екеніне «Nur Otan» партиясының өкілдері де көз жеткізіп отыр.

Мамырбек Қалелов, Күршім аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары:

- Біз 1200 анкеталық опрос жасадық, ең халық көңілінде жүрген түйткілді мәселелерді сұрау бойынш  сол 1250 анкетаның ішінде 1100 анкетада 92% Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу сұрағын көтеріп отыр.

Бұқтырмада салынатын көпірдің құны 30 миллиард теңгеден асып жығылады. Су қоймасының ең тар деген екі шақырымдық тұсынан салынбақ. Жобаға Корея, Түркия, Ресей, Қытай елдерінен талай инвестор қызығушылық танытқанмен, соңында бас тартқан. Көпшілігі оны қаржылай тиімсіз, өз құнын ақтамайды деп санаған. Енді жергілікті сала басшылары құрылыс мәселесін Үкімет назарына ұсынбақ.

Айдар Мамиев, ШҚО көлік және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

-Көпірдің ұзындығы 1300 метр болады, екі жолақты, ені 13 метр. Осы құжаттың барлығын біз бюджеттік өтінім дайындап, Үкіметке ұсыныс берейік деп отырмыз.

«Жалпы көпір Күршім, Зайсан, Қатонқарғай  аудандарын да байланыстырады. Өйткені ол жақтарда әлі бірде-бір көпір жоқ», - дейді мамандар. Сондықтан құрылыс іске асса, шалғайдағы бірнеше өңірдің барыс-келісі жақсарып, ауқаты еселенері сөзсіз.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы