385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде селекционерлер жетіспейді

  • 94
  • UPD: 23:12, 15.08.2019

Қазір ауылшаруашылық саласында саусақпен санарлық маман қалған.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысында «Дала күні» деген атаумен өткен семинар-кеңесте айтылды. Жиынға қатысушылар дәлме-дәл егіншілік технологиясының да тиімділігін талқылап, диқандар өзара тәжірибе алмасты.

Белгібай Қанафин биыл 3 мың гектар жерге дәлме-дәл егіншілік технологиясы бойынша дән сіңірді. Шаруаның айтуынша, астықтың шығымдылығы басқа алқаптарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бидай белуардан келеді.

Белгібай Қанафин, ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының директоры:

– Шілде айындағы жауын-шашынның мөлшері әр жерде әр түрлі болды. Кей жерде біздің шаруашылықтың көлемінде сол көпжылдық мөлшерден 30 ғана пайызы түсті. Соған қарамастан, бұл алқапта біз қазір 30 центнерден кем өнім болмайды деп жобалап отырмыз.

Дәлме-дәл егіншілік дегеніміз – нақты есеп. Ғалымдар әр гектарға қанша тұқым, қанша тыңайтқыш себу керектігін, тіпті қанша жанар-жағармай кететінін есептеп береді. Ол үшін түрлі технологиялар қолданылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл метиостанциялар ауа температурасы мен ылғалдылығын, сонымен қатар желдің жылдамдығы мен жауын-шашынның мөлшерін анықтайды. Бұл дәлме-дәл болжам жасауға мүмкіндік береді.

Бұл дрон 40 млн теңге тұрады. Ғалымдар оның көмегімен алқаптарды аспаннан суретке түсіріп, электрондық карта жасайды. Ұшу құралы егіннің жай-күйін жазбай таниды.

Фараби Ермеков, С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті факультетінің деканы:

– Сол түсірілген жерді жергілікті мамандар жерге барып, нақты деректерді көрсетіп жатыр. Егер суретте, сандық бейнеде индекстің өзгеруі, мысалы 0,1-ге өзгеріп жатса, демек оның жағдайы жерде былай өзгереді деп осы екеуін байлап жатырмыз қазір.

Былтыр Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 9 шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданған. Тың тәсілдің тағы бір тиімділігі, егістіктегі зиянкестер мен ауруларды бірден анықталады.

Ақылбек Күрішбаев, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры:

– Өте жақсы нәтиже. Бірінші өнімділік бойынша. Екінші еңбек өнімділігі бойынша. Осыны біз Солтүстік Қазақстан облысына таратуымыз керек. Еегер де біз осындай дәрежеге жететін болсақ, онда өнімділік көбейеді.

«Дала күні» семинар кеңесінде өзекті мәселелер де көтерілді. Солардың бірі – кадр тапшылығы. Шаруалардың айтуынша, қазір селекционерлер жоқ. Қазақстанның астықты аймақтарында үш-ақ маман қалған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы