385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай жобалар жүзеге асуда

  • 223
  • UPD: 14:46, 26.08.2019

Жамбыл облысында жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 80-ге тарта жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аймақта азаматтық бастамаларды ынталандыру шараларына басымдық беріліп отыр. Өңір қажеттілігіне қолдау көрсетуге бағытталған істе жергілікті кәсіпкерлер, спортшылар мен меценаттар белсенді. Олар балабақша, спорт алаңдары мен медпункт сияқты бірқатар нысанды салып, шетінен ел игілігіне беріп жатыр.

Игі істердің бел ортасында жүрген Паралимпиада жеңімпазы – Зүлфия Ғабидуллина. Ол Тараз қаласындағы мөлтек аудандардың біріне әмбебап спорт кешенін салып берді. Чемпион тапқан табысының бір бөлігін балаларға жұмсауды жөн санаған.

Зүлфия Ғабидуллина, паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

– Бастапқыда бірнеше әткеншек пен аулаға орындықтар ғана орнатқым келген. Кейін балаларға қарап жаным ашыды. Ойнайтын алаң жоқ. Доп тепсе, маңайдағы көлікке тиеді. Айнала шаң-тозаң. Балалар – біздің болашағымыз. Олар спортпен тұрақты түрде шұғылданса деймін.

Шағын спорт алаңшасында әткеншектерден бөлек, ересектердің бір мезгіл таза ауада тынығуына жағдай жасалған. Дойбы, шахмат ойындарына арналған үстелдер де бар.

Гүлімхан Әбдірәсілқызы, қала тұрғыны:

– Азаматтық тірлік. Көптеген бала-шағаның ризашылығын алып отыр. Рақмет Зүлфияға. Дені сау болсын. Амандығын тілеп отырамыз.

Осындай спорт алаңшасы Бектөбе ауылына да салынды. Жергілікті меценат оған 7 миллион теңгесін жұмсапты. «Бұл ауыл жастарына көрсеткен қолдауым», дейді ол. 

Жалпы бағдарлама қабылданғалы 3,9 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 300-ден астам жоба жүзеге асырылған. 

Дауыл Бейсенқұлов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– «Туған жер» жобасы аясында демеушілік көмек есебінен облыста 200-ден аса нысан пайдалануға берілді. Биылғы жылдың өзінде жыл соңына дейін тағы да 68 жоба іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Биылғы жобалардың ең ауқымдысы әрі бірегейі ортағасырлық үлгідегі «Шахристан» мәдени кешені болмақ. Онда үлкен көрме залы, облыстық тарихи өлкетану музейі, Руханият орталығы сияқты нысандар бой көтереді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда.

Авторлры: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы