389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі ауыл тұрғындары қайда шағымданарын білмей дал

  • 265
  • UPD: 22:36, 27.08.2019

Ауыл-аймақта да қордаланған мәселе көп.

Шенеуніктердің аяғы жете бермейтін шалғайдағы елді мекен емес, елорданың іргесінде тұрған Төңкерістің жұртшылығы кімге шағымданарын білмей дал. Жол нашар, қоғамдық көлік қатынамайды. Көшеде жарық жоқ. Түн баласы далаға шығуға қорқасың. Ол ол ма, ауылдағы 2 қабатты 6 үйдің тұрғындары кәріз суының үстінде тұрып жатыр.

Жәнібек Ахметов жертөлені көрсетіп жүр. Ішіне белуардан келетін лас су жиналған. Осы маңдағы 6 үйдің жайы осындай. Тұрғындары жылда ақша жинап, кәріз суын өз күштерімен сорғызады. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған үйлердің сапасы да сыр берген.

Орталықтандырылған кәріз жүйесі істен шыққалы тұрғындардың көрген күні осы. Өткен жылы құбыр тарту жұмыстары басталған екен. Алайда бар жұмыс орта жолда тоқтап қалған. Себебін сұрап жергілікті әкімдікке бардық. Ауыл әкімі ауданға кетіпті.

Әкімдік маманы тұрғындар бұл қызметті пайдаланбай-ақ, басқа жолдарын іздесін дейді. Көп қабатты 6 үйде 90-ға жуық пәтер бар. Ендеше қандай жолды айтып тұрғанын түсіне беріңіз.

Ботагөз Шаймарданова, Бозайғыр ауылдық округі әкімдігінің маманы:

– Алғашқы мердігер компания жұмысты өз қаражатына жүргізе бастаған еді. Алайда оларды басқа бір кәсіпорын сотқа беріп, екі тарап дауласып, әлек болды. Соның салдарынан ол мердігер жұмысын тоқтатты. Қазір жаңа мердігер бар. Олар жұмысты жалғастырса, 2020 жылы іске қосамыз. Бюджеттен 200 млн теңге сұрадық.

Маманның айтуынша, жобаның жалпы құны 400 млн теңгеге жуық. Бұл ақшаға ауызсу құбыры күрделі жөндеуден өтіп, кәріз құбыры жүргізілуі керек. Ауылдың проблемасы осымен шектелсе жөн. Өкінішке қарай, жоқ...

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Осыдан 12 жыл бұрын осы ауылдағы 2 қабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесінен ажыратып тастаған. Амалы таусылған тұрғындар әркім өз пәтерінде мынадай пеш салып алған.

Көп қабатты үйлердің жанындағы гараждар қазір отын қоймасына айналған. Тұрғындар қыстың қамын жасап, көмір жинап жатыр. Ауылдықтар мұң-мұқтаждарын айтып, тауыса алмады. Баласы барлар мектептің жайын, жастар жағы демалыс орыны жоқтығын, үлкендер жағы жолдың сапасын айтып, көшенің ортасында ұзақ тұрды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Нұрғали Момырбаев

Хабар 24 телеарнасы