387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда үш адамды қасақана қаққан күдіктінің бірі кінәсін мойындады

  • 165
Алматыда үш адамды қасақана қаққан күдіктінің бірі кінәсін мойындады

Алматыда үш адамды қасақана қаққан күдіктінің бірі ұсталып, кінәсін толық мойындады.

Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қолға түскен азамат 1995 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Көліктің рөлінде болған да осы жігіт. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылар мінген көлік арнайы автотұраққа қойылып, тиісті сараптамалар жасалып жатыр. Адам қаққан күдіктілердің бұл әрекеті «бұзақылық» бабымен емес, енді «кісі өлтіруге оқталу» бабымен қаралып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал екінші көліктегі азамат іздестіріліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

– Полиция қызметкерлерінен қасақана тығылып жүр. Бірақ қаланың төңірегінен шығып кетуге мүмкіндігі болған жоқ. Дегенмен ол кісі міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Бұл – тек уақыттың еншісі.

Сондай-ақ бүгін Алматыда 26 жеңіл көлікті ұрлаған екі жігіт қолға түсті. Олар қылмыстық әрекеттерін қаланың 4 ауданында іске асырып келген. Көбінесе, аулада немесе жол жиегінде тұрған дабыл қаққышы жоқ машиналарды ұрлаған. Соңынан бұзып, қосалқы бөлшектерін сатқан. Олар жалпы сомасы 15 миллион теңгеге дейін залал келтірген. Ұрылардан күмәнді заттарды алып, саудалаған кәсіпкерлер де жауапқа тартылады.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

– Пайымдауымызша, бұл азаматтар 3-4 айдың ішінде осындай 26 қылмысты істеген. ҚК екі бабы бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде. Өйткені бұл бір емес, бірнеше қылмыстар жасаған. Бұл ауырлататын мән-жай болып табылады.

Хабар 24 телеарнасы