389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстауда мұнай игеруді қашықтан басқаратын құрылғы жасап шығарылды

  • 244
  • UPD: 20:48, 23.09.2019

Маңғыстауда өндірісті жүздеген шақырым қашықтан басқаратын кешенді құрылғы құрастырылды.

Елімізде алғаш рет жасалған отандық өнім енді Теңізде кен игеруге қолданылмақ. Мұнайды өндіруден бастап оны жеткізуге дейін бақылайтын құрылғының артықшылығы көп.

Қос бірдей бақылау-өлшеу құрылғысы қондырылған алаңды қазақстандық жұмысшылар жасап шығарды. Мамандардың айтуынша, құрылғының әлемде теңдесі жоқ. Бұл жетістік еліміздегі өнеркәсіптің дамуына тың серпін бермек.

Мирко Боргези, шетел компаниясының атқарушы директоры:

– Модульдер - құрылғының миы. Ол мұнай мен газды өндіруден бастап, оны құбыр арқылы жеткізуге дейінгі барлық операцияларды қашықтан басқаратын мүмкіндікке ие. Қазақстан мамандары жоғары сапалы, күрделі, көп функциялы құрылғыларды жасап шығара алатындарын дәлелдеді.

Құрылғының әрқайсысы 200 тоннаны құрайды. Өндірістегі апат пен жұмысшылардың жарақат алу жағдайын болдырмауға қауқарлы. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 250-ден астам адам жұмылдырылған. 95 проценті – жергілікті мамандар. Олар мұндай кереметті жасап шығару үшін 750 мың сағат тер төккен.

Мирко Боргези, шетел компаниясының атқарушы директоры:

– Қазір тек екеуін жасап шығардық. Енді 8-і құрастырылып жатыр. Олар 2020 жылы наурыз айында аяқталады деп жоспарланған. Автоматтандырылған кешенді құрылғы Қазақстанда бірінші рет жасалып тұр және тұтынушылардың сұранысын толықтай қанағаттандырады.

Жаңа құрылғының таныстырылымына жиналған мамандар техника қауіпсіздігі мен оның сапасын жоғары бағалады. Енді қос бақылау-өлшеу құрылғысы қондырылған алаң Каспий теңізі арқылы Атырау облысына, Теңіз кен орнына аттанады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев.

Хабар 24 телеарнасы