389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында отбасылар мемлекет қолдауымен фермерлікті дамытты

  • 115
  • UPD: 09:30, 02.10.2019

Атаулы әлеуметтік көмек шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауда. Ақтөбе облысында қос бірдей отбасы мемлекеттік төлемдерді жеке шаруашылығын ашуға жұмсаған. Нәтижесінде тұрақты табыс көзін тауып отыр. 

Жұмыссыздарға арналған мемлекеттік «Бастау» гранты мен атаулы әлеуметтік көмектен түскен қаражатты Валентина Синявская төрт түлік мал алуға жұмсапты. Сауын ешкінің сүті алғашқы күннен бастап жерлестерінің көңілінен шыққан. Келер жылы ұсақ жануарлардың өніміне биыл алған қос сиырдың сүтін қосып сатамын дейді. Шағын қожалықты жүргізуге әзірге бүлдіршіндері қолқабыс болып отыр. Ал, отағасы жергілікті мектептен жұмыс тапқан.

Валентина Синявская, облыс тұрғыны:

- Ірі-қара санын көбейткім келеді. Бастапқы жоспар 10 сиыр. Сүтін сатып, қаймақ, май, айран сияқты өнімдер жасағым келеді. Болашақта облыс орталығына да жеткізуді ойлаймын.

Төрт түлік өнімін саудаға шығарып, кәсіпкер атану Валентина Синявскаяның алдағы күнге құрған жоспары болса, ауылдасы Асылбек Көлтілеуовті шағын кәсіп иесі деуге болады. Атаулы әлеуметтік көмек қаражатын үнемдеп, қажетті құрал-саймандар алған. Құрылыстан хабары бар азамат темірді пісіріп қақпа, дуал жасайды. Алғашқы тапсырысты көршілері берген. Шағын ошақ сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдардың сызбасын интернет бетінен табады.

Асылбек Көлтілеуов, Қобда ауылы тұрғыны:

- Мектепті тәмәмдаған соң дәнекерлеушінің 3 айлық курсына жазылдым. Содан бері 25 жыл өткенімен икемім қалған. Қазір қайтадан еске түсіріп, кәсібіме айналды. Арнайы цех жасап, жыл бойы дәнекерлеу жұмыстарымен тұрақты шұғылданатын боламын.

Болаттан жасалған бұйымдарға сұраныстың тұрақты болары айқын. Себебі төрт мың түтіні бар Қобда ауданында тұрғындар саны артып келеді. Олардың тек 271-і ғана мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Жергілікті әкімдік өкілдері атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алатындары жоқ дейді. Кешегі әлсіз топ қатарында болғандар қосымша қаражатты тұрмысын түзеп, шағын шаруашылық ашуға жұмсауда. 

Рәзия Жолдыбаева, Қобда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- 193 отбасы 83 ірі-қара мал, 143 ұсақ мал алып отыр. Мың жарымға жуық құс алып отыр бүгінгі таңда біздің аз қамтылған отбасыларымыз. 

Қобда ауданы тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмекке көрсету үшін бюджеттен 162 миллион теңге бөлінген. Қазір бұл қаражаттың басым бөлігі игерілді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы