389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық мұғалімдер спорт үйірмелеріне тегін қатысады

  • 123
  • UPD: 21:32, 06.10.2019
Ақтаулық мұғалімдер спорт үйірмелеріне тегін қатысады

Ақтаулық ұстаздар қызметтен бос уақытын әртүрлі үйірмелерге қатысумен өткізеді. Облыс орталығында тұратын педагог мамандар аэробика, гимнастика және шығыс билеріне тегін қатысады.

Күнұзақ тақта алдынан қозғалмайтын мұғалім үшін бұл жобаның пайдасы мол. Қимыл-қозғалысы ширап, жүйкесі демалады. Таңертең жұмысына сергек көңіл-күймен барады. Қызықты бастама авторларының көздеген мақсаты да осы. Әріптесім Талғат Исламұлы салауатты өмір салтын ұстанған ұстаздармен жүздесіп келді.

Арайлы Молдағалиева Ақтаудағы №14 орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Бала жастан таңдаған мамандығын биыл бесінші жыл абыроймен атқарып келеді. Қағілез қыз түске дейін алты сыныпта дәріс өткізіп үлгереді. Қызметі түстен соң басталатын әріптестерінің де орнын басып, алғысын алып жүр. 

Арайлы Молдағалиева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Балаларды оқыту қиын емес. Тек қана жұмыс ережесі, тәртібі десек те болады. Әр оқушының қасына барып тексеру, тақтаның алдында сабақ түсіндіру және оларды жеке-дара қадағалау отыру. Сондықтан біздің күнделікті жұмыс уақытымыз толықтай аяқтың үстінде өтеді десек артық айтылғандық емес. Бірінші қабаттан екінші, төртінші қабаттарға күні бойы жүреміз. Шаршаймыз.

Ұстаздың қызметін жеңіл деуге болмайды. Өскелең ұрпақтың сауатын арттыруда талмай еңбек етуші педагогтардың қызмет өтілі өскен сайын ағзаға түсетін ауырлық та арта түседі. Психологтар мұғалімдік қызметті таңдаған адамдар жұмыс аяғында спортпен шұғылданғаны дұрыс дейді. Таңдауына қарай үйірмелерге тұрақты қатысуы жүйкені тынықтырып, жұмысқа ынтасын арттырады.

Сандуғаш Ысқақова, психолог:

- Оларға өте үлкен күш түседі. Оның арасында балалармен жұмыс, ата-анамен жұмыс болып жатады. Мұның барлығы үлкен энергияны талап етеді. Осы күнделікті кетіп жатқан энергияның орнын толтыру үшін мұғалімдерге кеңес берер едім оқытушыларға, тренингтерге болмаса спортпен шұғылдануға. Өздеріне ыңғайлы қызықты ортаға баруға.

Қимыл-қозғалыс терапиясын осыған дейін ұстаздық қызмет атқарған Лаура Асырова жүргізеді. Қызмет өтілі жоғары маман бірнеше жылдан бері аэробика, би өнерін көпке насихаттап жүр. Айтуынша, би терапиясына қатысу үшін адамның хореграфиядан хабары болуы міндетті  емес, ниеті болса болғаны. 

Лаура Асырова, би терапиясы үйірмесінің нұсқаушысы:

- Би терапиясының көмегімен мұғалімдерге дұрыс тыныстауды бірінші кезекте үйретеміз. Бұдан соң қимыл-қозғалысты ширату жаттығуларын көрсетеміз. Өйткені ұстаз жарты тәулік бойы бір орында отырады немесе тақта алдында тұрады. Мұның соңы жүрек қызметін нашарлатып, омыртқа жотасының қисаюына әкеп соғады. Біздің үйірмелерге қатысу арқылы ағзадағы көптеген ақаулықтардан біржола арылуға болады. 

Ақтаулық мұғалімдерге арналған тегін үйірмелер аптасына екі күн өтіп тұрады. Облыс орталығына жақын қонған ауыл мектебінің ұжымына да орталықтың есігі айқара ашық.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы