384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі жалғыз тері өңдеу комбинаты жабылудың алдында тұр

  • 292
  • UPD: 08:10, 15.11.2019

Қайта жаңғыртудан өткізіліп, 2008 жылы салтанатты түрде іске қосылған Семейдегі тері-былғары комбинатының басына қара бұлт үйіріліп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өңірлік Индустриалдық карта мен мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға енген мекемеде 1700 адам еңбек етіп, кәсіпорын қазынаға жыл сайын бір миллиард теңге салық төлеуі тиіс еді. Алайда осы жылдың шілде айында Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты комбинатты банкрот деп тану жөнінде шешім шығарды.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Бұл кәсіпорынның стратегиялық маңызын былай түсіндірсек болады. Мына сиырдың бір ғана терісі мың теңге тұрады. Дегенмен егер ол өзімізде өңделмесе, шетел асып кетер болса, Қазақстанға 300-400 мың теңгенің өнімі болып қайта келеді екен.

Кәсіпорын басшыларының сөзінше, бір ғасырлық тарихы бар комбинат 2008 жылы Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламаға еніп қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Сол кездегі Қазақстанның Даму банкімен келісім жасалып, 3 миллиард 300 миллион теңге көлемінде несие берілуі тиіс еді. Алайда түрлі сылтаулармен банк 400 миллион теңге қаржыны бөлмей, құрал-жабдықтар толық алынбай қалыпты. Осындай қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын тығырықтан шығар жол іздеп келеді.

Жұмағазы Рақымғалиев, кәсіпорын жетекшісі:

– Үкіметтен қаражат сұрап отырған жоқпыз. Біздің инвесторымыз 1 миллиард 200 миллион ақша құяйын деп отыр. Үкімет салған ақшаның бәрін 5 жылдың ішінде қайтарып берейік деп тұрмыз. Халықты жұмысқа шығарып, 1234 адам тек қана тері зауытында істеу керек болатын. Біз теріден 16 түрлі тері шығарамыз, 10 мың адам аяқ киім тігеді. Халықтың атынан, өз атымнан, барлық жеңіл кәсіпорындар атынан біздің мекемені банкрот етпеуін сұраймыз.

Мың жарымға жуық семейлік қол қойып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы мәселені оң шешуді өтініп, хат жолдаған. Бұдан кейін қазанның 15-інде Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы отырыс өтіп, комбинатты оңалту жолдары қарастырыла бастаған еді. Алайда облыстық соттың аппеляциялық алқасы барлық үмітті үзіп отыр, дейді кәсіпорын жұмысшылары.

Мағрипа Отынбаева, комбинат жұмысшысы:

– Не фабрика, не зауыт істемейді. Біздің зауытқа осыншама қысымшылық жасайтындарын мен түсінбеймін. Себебі қанша отбасыларын асырап отырған жалғызбасты әйел бар. Шешелерін асырап отырған жас балалар бар. Егер мына зауыт жұмысы тоқтайтын болса, біз қайда барамыз қыс ішінде, баратын жеріміз де жоқ.

Былғары тері комбинатының салқыны өзге де кәсіпорындарға тиіп отыр. Мәселен, Семейдегі аяқ киім тігетін фабрика шикізаттың азаюына байланысты жұмыстың бәсеңсігенін айтады. Тіпті 200 адамның 50-і еріксіз қысқартылыпты. Ал Қазақстанда ірілі-ұсақты тап осындай 18 мекеме бар екенін ескерсек, бұл түйткілдің әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсері үлкен екені анық.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы