384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көлік кептелісін азайту үшін қандай іс-шаралар қолға алынбақ?

  • 165
  • UPD: 10:54, 19.11.2019

Жаңалықтарымызда жиі айтылып, көтеріліп жүрген көп мәселенің бірі – көлік кептелісі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көше бойында сағаттап тұрған жолаушының да, жүргізушінің де мұңын сан мәрте жеткіздік. Алайда күрмеуі көп күрделі мәселенің шешімі әлі табылар емес. Ал көшедегі тәртіпке жауаптылар не  дейді? Қандай шаралар, жобалар қолға алынды?

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Дәл қазір мен Мәңгілік ел мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында тұрмын. Біріншісі, қаланың шеті мен орталығын жалғап тұрған санаулы жолдың бірі болса, екіншісі, шеткі ірі көшенің бірі. Сондықтан екеуімен де көлік көп жүреді. Жұмыс күнінің басталуына шамамен 1 сағаттай уақыт қалды. Ал көшелердің бойында көлік саны минут сайын көбейіп жатыр.

Бұл уақытта өзге көшелердегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Қабанбай батыр даңғылындағы жолақтардың бірімен қоғамдық көліктер ғана жүре алады. Сондықтан барар жеріне асыққан жүргізушілер кейде жол ережесін бұзуға мәжбүр.

Жалпы, әкімдіктегілерге кептелісі көп көшенің барлығы аян. Ал оны шешу үшін бірнеше инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді. Мәселен, Қорғалжын тас жолы мен Тұран көшесінің қиылысында жол айрықтары салынбақ. Мұндай құрылыс Қабанбай батыр даңғылында да жүргізілмек. Егер суреттегі нысан шын мәнінде салынатын болса, кептелістің едәуір азаятыны анық. Өзгеретін көшелердің қатарында біз айтқан Ұлы дала да бар.

Алтынбек Қайсағалиев, қала әкімінің орынбасары:

– Қазір Ұлы дала көшесі Тұранға барып тіреледі. Біз оны Бейсеков көшесіне дейін созамыз. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жолды келер жылы ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – айналма жол. Қазір көліктердің басым көпшілігі Тұранмен жүреді. Хан-Шатыр арқылы Бейсеков және Тілендиев көшелеріне шығады. Ал енді бірден Ұлы дала арқылы Бейсековке жетуге болады.

Бұдан бөлек, жолдағы қозғалысты реттеуге арналған тағы бір жоба бар. Тәуелсіздіктен басталып, Есілдің үстімен әуежайға қарай бағытталатын жаңа көше салынады. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ал құрылыс жұмыстары келер жылы басталмақ.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев.

Хабар 24 телеарнасы