384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық сәбиге шұғыл операция қажет

  • 162
  • UPD: 13:37, 21.11.2019
Павлодарлық сәбиге шұғыл операция қажет

Павлодар қаласының кішкентай тұрғынына шұғыл операция жасау керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туу кезінде алған жарақатынан соң сәбидің бас миы жансызданып кетуі ықтимал. Мамандардың айтуынша, Әлтәйірді ауыр дерттен айықтыруға болады. Ол үшін израильдік мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бірақ сырқат баланың ата-анасы қымбат операцияны өтеуге қауқарсыз. 

Әлтәйір дүние есігін ашқан күннен бері өмір үшін күресіп келеді. Екі жарым жасар баланың ата-анасы қолдан келгеннің бәрін жасап, үміт үзбек емес. Бүгінгі күнге дейін сырттан көмек қолын созушылар табылмапты.

Гүлзат Исханова, Әлтәйірдің анасы:

– Қайырымдылық қорлары көмектескісі келмейді. Мәселен, «Мейірімділік», «Ақкөңілдер клубы», «Үміт үзбеу» бірлестіктеріне хабарластық. Барлығы бас тартып отыр. Себебі балаға хоспис керек дейді. Ол бізден басқа ешкімге керек емес.

Әлтәйірдің анасы Гүлзат Исханованың барар жері, басар тауы қалмады. Уақыт өткен сайын сәбидің дерті асқынып барады. Оған «гемморагиялық гидроцефалия» диагнозы қойылған, басқаша айтсақ, бұл – бас мидың сарысуы ауруы. Оған қоса сырқат ұлдың мойын омыртқалары шығып кеткен. Гүлзат Исханованың айтуынша, босанған кезде акушер-мамандар баланы жарақаттап алған. Бұл әрекетті сот-медициналық сараптама дәлелдеді. Осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша тергеу амалдарын бастаған.

Жанна Белялова, облыстық ПД ресми өкілі:

– 2018 жылдың қаңтар айында жасалған сараптаманың қорытындысына сәйкес нәрестенің денсаулығына зиян келтірілген. Тергеу барысында баланың анасынан сараптаманы екінші рет өткізу туралы өтініш түсті. Осы жылдың шілде айында комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.

Әлтәйірдің ата-анасы енді дәрігерлерді сотқа беріп, материалдық шығынды өндіріп алмақ. Себебі бұдан басқа амал жоқ. Балаға операция жасау керек. Жуырда Израильде жүргізілген тексерудің қорытындылары белгілі болды.

Гүлзат Исханова, Әлтәйірдің анасы:

– Туу кезінде алған жарақатынан соң басқа да аурулар пайда болды. Яғни балам құрсақта жатқанда аман-сау болған. Ал дүниеге келген соң мүгедек болып қалды. Баламның жағдайы күннен күнге нашарлап барады.

Дәрігерлердің айтуынша, операцияны алдағы жарты жылдың ішінде жасап үлгеру керек. Ал ата-ананың демеушілердің көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы