423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау іргесіндегі ауылдардың бірінде еріктілер орталығы ашылды

  • 992
  • UPD: 08:49, 27.12.2019

Атырау қаласының іргесіндегі ауылдардың бірінде еріктілер орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп оқушылары қазірдің өзінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 20 отбасыға көмек көрсеткен. Орталық балаларды шығармашылыққа баулитын үйірме жұмыстарымен де айналысады. Оқушыларға сабақтан тыс уақытта алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде өздерін қалай ұстау керектігін де үйретеді.

Бұл орталықтағы еріктілер өзгелердің өміріне бей-жай қарай алмайтын қала тұрғындары алып келетін киім-кешек, ойыншықтарды жинаумен айналысады. Кейін оларды сұрыптап, мұқтаж жандарға таратады. Еркінқала ауылдық округінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 130 отбасы тұрады.

Мейрамгүл Есниязова, еріктілер орталығының директоры:

– Осы орталыққа келіп жүрген балалар бүгінгі таңда ашылғаннан бері 20 шақты қайырымдылық іске атсалысты. Өздерінің қолдарынан келгенше, экологиялық бағытта немесе қайырымдылық және мұқтаж жандарға көмектесу, үйлерінің шаруаларын жасап беру арқылы көптеген ірілі-ұсақты шаруаны атқарып жатыр.

Еріктілер орталығының жұмысына 7-9 сыныптың 20 шақты оқушысы тартылған. «Өзгелерге көмек қолын созып, қатарластарыңды елге жақсылық жасауға үндеу өте сауапты іс. Бұл қоғамдық жұмыс бізге сонысымен ұнайды», дейді еріктілер.

Қарақат Сапарова, ерікті:

– Келесі жыл Еріктілер жылы болғандықтан, бізге қайырымдылықпен көп айналысу керек, мотивация беру қажет. Тек қана қайырымдылықпен емес, экология, технология жақтарынан да өз елімізді дамытуға көмектесуіміз керек. 

Еркінқала ауылының тұрғыны Мәдина Ерназарова мұнда жұбайы және үш баласымен пәтер жалдап тұрады. Балаларының бірі сал ауруымен ауырады. Еріктілер бұл отбасына тұрақты түрде көмектесуге тырысады. Бүгін олар азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкелді.

Мәдина Ерназарова, Еркінқала ауылының тұрғыны:

– Ұйымдарыңызға рақмет. Балалар оқу оқып, армандарына жете берсін. Ата-аналарына рақмет, балаларын еріктілер ұйымына жіберіп отырған.

Атырау өңірінде түрлі шаралар мен әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып жүрген мың шақты ерікті бар. Олар көмекке зәру жандарға қолғабыс етуді ел алдындағы парызымыз деп біледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлмира Сүттібаева, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы