378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апатынан аман қалғандар әлі өз-өздеріне келе алмай, есеңгіреп жүр

  • 275
  • UPD: 20:58, 27.12.2019

Бүгін қалың елдің қабырғасын қайыстырған ұшақ апатынан аман қалғандар болса, әлі өз-өздеріне келе алмай, есеңгіреп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың бірі ұйықтап қалып, ұшақтан кешіксе, ал енді бірі әуе көлігінің ішінде бола тұра дін аман. Бір ажалдан аман қалған жандардың арасында 4 айлық сәби де бар.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Ұшақтағы ең кішкентай жолаушы мына 4 айлық сәби. Құтқарушылардың оны құшағына басып, көлікке алып бара жатқаны бүгін әлеуметтік желіде үлкен тебіреніс туғызды. Әйтеуір аман екен. Бір ажалдан қалғандардың тағы бірі – алматылық кәсіпкер Аслан Назарәлиев. Ол Нұр-Сұлтанға бір күндік жұмыс сапарымен жолға шыққан. Ұшақ орнынан қозғалған соң 1 минуттан кейін-ақ дірілдеп шайқала бастапты. Соған қарамастан, ұшақ жылдамдығын күшейте берген. Оның көз алдында 14-қатар опырылып түскен. Ал, Асланның өзі 15-қатарда отырған. Бұл көріністі елестетудің өзі қиын.

Аслан Назарәлиев, жолаушы:

- Бір уақытта қатты сілкілеп, дірілдеп кетті. Меніңше, пилоттар ұшақты бақылай алмай қалған сияқты. Сол кезде менің соткамды қалтама салып, телефонымды белімді қатты тартып қазір құлауға дайындалдым шыны керек. Бір ғана ойыма келгені – бала-шағам не істейді дедім. Өйткені қатты соған уайымдадым. Екі қызым бар, келіншегім бар. Бірақ өзімді жинақы ұстадым, құлайтынын сездім. Сосын көтеріліп барып, төмен қарай иіліп, жерге қарай құлады ғой ұшақ. Менің сол кезде ең соңғы көргенім – алдымдағы 14-қатардағы отырған кісі, сол жағымда отырған кісінің бәрін басып қалды. Мен 15-қатарда отырдым. Соққы қатты болды. Құлағымдағы наушник, көзімдегі очкидің бәрі ұшып кетті. Қай жаққа ұшып кеткенін білмеймін.

Елордалық Асхат Өтепов те бас шаһарға дәл бүгінгі Bek Air ұшағымен жетуі керек еді. Алайда ол өмірінде бірінші рет ұйықтап қалып, рейстен кешіккен. Әдетте жиі ұшатын Асхат бұған дейін ешқашан ұшақтан қалып көрмеген екен. Біз қоңырау шалғанда Асхаттың өзімен тілдесе алмадық, есесіне зайыбы болған жайды баяндап берді.

Кенжегүл Өтепова, Асхат Өтеповтың зайыбы:

- Негізі ол жұмысына байланысты ұшақпен жиі ұшатын. Ешқашан қалып көрмеген. Бұл жолы ұйықтап қалып қойған. Таңертең мен баламды балабақшаға апара жатқам, мына жаңалықтан кейін өзі хабарласып, «ұшаққа ұйықтап қаппын, аман қалдым» деді. Мен жыларымды білмедім, бір жағынан ол қуанышты, аман қалды ғой.

Аман қалғандар үшін бұл күннің біразға дейін естерінде қалары сөзсіз. Бұл оқиға ешкімнің ештеңеден сақтандырылмағанын тағы бір еске салғандай.

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы