376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде 20-дан астам шаруа қожалығы жерлерінен айырылуы мүмкін

  • 131
  • UPD: 11:50, 28.01.2020

20-дан астам ақтөбелік шаруа қожалығы иелігіндегі жерлерінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға әлгі жер телімдері заңсыз берілгендіктен, мемлекет меншігіне қайтарылу керектігі хабарланған.

Ал шаруалар бұл талаппен келіспей отыр. Өйткені кезінде әкімдіктер таратқан учаскелерге ақша салып, біраз жұмысты бастап қойған. Қазір олардың шағымы өңірлік кәсіпкерлер палатасында қаралуда.

Өңірдегі ірі шаруашылық құрылымдарының қатарындағы «Ақжар Агро» қожалығының басшылары жалға алған екі мың гектар жері үшін алаңдаулы. Өйткені 20 млн теңгеден астам қаржы жұмсап, аумақты тыңайтқан. Енді алдағы көктемде дән сеуіп, егін өсіруді жоспарлаған еді. Алайда аудандық әкімдік өкілдері жалға берілген жерлерді кері қайтару керектігін мәлімдеген.

Маратбек Әлмұратов, «Ақжар агро» ЖШС басшысының орынбасары:

– Енді айдалып қойған дайын жер биыл себілмей қалса, келесі жылы қайтадан осы жерді өңдеу үшін кемінде 15-20 млн теңге ақша қайтадан кетеді. Сол себептен енді не істерімізді білмей отырмыз. Біздің шаруашылыққа қарай оң шешім табылады ғой деп сенеміз.

Бұл мәселе Алға және Хромтау аудандарындағы 20-дан астам шаруаның бас қайғысына айналып отыр. Себебі прокурорлық тексеруден кейін, учаскелерді беру тәртібінің бұзылғаны анықталған. Өйткені тиісті заңнама бойынша жерге иелік аукцион немесе байқаулардың қортындысында белгілі болуы тиіс. Ал шаруаларға жер телімдері шенеуніктердің коллегиялық түрде қабылдаған шешімінен кейін таратылған көрінеді. Бүгінде әкімдіктерге кеткен қателікті жою жөнінде ұсыным берілген.

Шаруалардың айтуынша, жергілікті шенеуніктерден бірнеше рет хат алған. Онда өздері берген жерлердің ерікті түрде кері қайтарылуы керектігі талап етіліпті. Ал келіспегендері болса сотқа бермекші екен. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл тиісті заңнамада пайда болған өзгерістермен байланысты. Нәтижесінде 2016 мен 2018 жылдары жер учаскелерін алған қожалықтар зардап шегуде.

Бектұрған Зайрымбет, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– 2016 жылғы 6 мамырдағы ҚР Президентінің 248 Жарлығына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері сауда-саттыққа шығуға мораторий жарияланған. Осыған байланысты біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сауда-саттықсыз жергілікті жердегі құрылған комиссиямен комиссиялық негізде берілген болатын. Қазіргі таңда прокуратура тарапынан ұсыныстар түсті. Ол қазір соттарда қаралуда.

Нұрлан Махамбетов, өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бұл ретте тиісті заңның 48-бабын басшылыққа алу керек еді. Өйткені онда сауда арқылы берілетіні айтылған. Ал жергілікті атқарушы орган оны өткізудің формасын бекітеді. Яғни аукцион немесе байқау арқылы болатынын белгілейді.

Бұл мәселенің немен аяқталары әзірге белгісіз. Қожалық иелерінің көбісі жерлерін көктемге дайындап, қажетті техникалар мен мал басын сатып алған. Енді оларға учаскелерді мемлекет меншігіне өткізіп, қайта байқауға қатысу ұсынылып отыр. Бірақ оның қортындысында шаруаның жұмыс бастаған жерін қайта алуы екіталай. Себебі ұйымдастырылған аукционда бір емес, бірнеше қатысушы болатыны анық. Күрделі мәселені қоғамдық ұйымдар да көтеріп көрмек.

Александр Мандрыкин, «Ақтөбе фермер орталығы» қоғамдық қозғалысының өкілі:

– Шындығында бұл мәселе өте күрделі. Бір қызығы, жер актілерін берген әкімдіктер шағымданушының рөлін атқарып отыр. Біз бұл ретте өз талаптарымызды қоймақпыз.

Жерге қатысты мәселелерді енді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесу барысында көтеру көзделіп отыр. Ал әзірге шаруалар өз мүдделерін сотта қорғап көрмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы