470,90 450,91 8,85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

М.Помпео Қазақстанның қақтығыс аймақтардан өз азаматтарын қайтарғанын жоғары бағалады

  • 788
М.Помпео Қазақстанның қақтығыс аймақтардан өз азаматтарын қайтарғанын жоғары бағалады akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар бірқатар мәселе, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы күрес салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы америкалық әріптесі Дональд Трамппен әлемнің кез келген жерінде кездесуге дайын екенін, дегенмен бұл жүздесудің елімізде өткенін жөн санайтынын айтты. Бұған қоса, Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауазымын ашу жөніндегі ниетін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы біз көптеген жетістікке жеттік. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Бұл тарихи деректі ешқашан ұмытпаймыз. Өзара әріптестігіміз қос тарапқа да тиімді. Әсіресе, ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, экономикалық ынтымақтастық бағытында бірлесіп атқарған жұмыстарымыз нәтижелі. Дегенмен шешімі табылуы тиіс мәселелер бар. Сондықтан әріптестігімізді жалғастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Трамп мырзаға өзімнің ыстық ықыласымды жолдағым келеді. Мен онымен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас Ассамблеясының сессиясы алаңында кездескен едім. Алдағы уақытта тағы бір жолығуды асыға күтіп жүрмін.

Майкл Помпео, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

– Президент мырза, сіздің елге сапармен сәл кешігіп келгеніме түсіністікпен қарағаныңызға алғыс білдіремін. Екі елдің арасында орнатылып жатқан әріптестіктің жаңа бағыттарын толық қолдаймыз. Біз сіздермен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қорғау мақсатында берік ынтымақтастық орнаттық. Біздің экономикалық байланыстарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Энергетикалық бағыттағы ынтымақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендету үшін әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын.

Америкалық мәртебелі мейман еліміздің «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарымызды қайтарғанын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, экономика мен адами капиталды жақсартуға қосқан үлесіне тоқталды. Тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады. Майкл Помпео Американың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының негізгі ережелері туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы С5+1 диалогы форматының маңызды екенін атап өтіп, 3 ақпанда Ташкентте өтетін кезекті отырыстың табысты болатынына сенім білдірді.

Хабар 24 телеарнасы