432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бас прокуратурадағы дау: ұрланған деректер саны белгісіз

  • 394
  • UPD: 21:02, 14.02.2020

Бас прокуратураның құпия деректеріне қатысты дау шықты, хабарлайды «Хабар 24».

Қадағалау органының ақпараттық жүйесі ашық қалып, бірнеше ай бойы қолжетімді болған. Бұл – әсіресе, жеке басқа қатысты мәліметтерді жинап, кейін саудаға салатын алаяқтарға керемет мүмкіндік. Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының мамандары осылай дабыл қағып отыр.

Ақпараттық жүйедегі олқылық өткен жылдың күзінде анықталған. Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының мамандары бұл жөнінде дереу прокуратураға хабарлап, қауіпсіздікті күшейту керектігін ескертіпті. Бірақ бәрібір құпия мәліметтер бірнеше ай бойы ашық жатыпты. Өкініштісі сол, қолжетімді деректер әкімшілік істерге қатысты. Яғни құқық бұзушылар төлеген айыппұлдар, ескертулер, тұрғылықты мекенжайлар, суреттер, автокөлік және жеке сәйкестендіру нөмірлері кибералаяқтардың құрығына ілігуі әбден мүмкін. Тіпті осы жүйеге кіріп, белгілі бір адамға іс те қозғауға болады дейді.

Олжас Сәтиев, кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының президенті:

– Осы олқылықтың салдарынан прокуратура қозғаған әкімшілік істер ашық күйінде қалды. Яғни Ай-Ти технологияның тілін білетін кез келген адам оған оңай кіріп, қажетті ақпаратты көшіріп алады. Тіпті әкімшілік істі қозғауға да мүмкіндік бар. Бұған қоса осындай мәліметтерді кейін сату үшін жинайтындар бар.

Бүгінге кейін бұл мүмкіндікті қанша алаяқтың пайданалып үлгергені белгісіз. Қолды болған ақпарат көлемі де айтылмайды. Бұл шаруамен құзырлы мекеме айналысу керек дейді мамандар. Қалай болғанда да бұл мәліметтер киберқылмыскерлерді біраз пайдаға кенелтері анық. Тіпті біздің түсірілім барысында осы дереккөзіне сілтеме сұрап хабарласып жатқандар болды.

Дәл қазір бұл ақпараттарға апаратын жол жабылған. Бірақ олқылық жойылмады. Сала мамандары біздің елде киберқауіпсіздікке қатысты осынша салғырт қарайтын мемлекеттік мекемелердің көптігін айтады.

Арман Әбдірасылов, кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының директоры:

– Біздің елде құпия ақпараттың ашық қалуы өте жиі кездеседі. Бірақ өкінішке орай ол үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Қылмыстық істер қозғалғандай болады. Бірақ аяқсыз қалады. Сондықтан мемлекеттік мекемелер де бұл мәселе аса мән бермейді. Салдарынан жеке ақпараттар қолды болып, екі ортада қарапайым адамдар зардап шегуі мүмкін.

Сала мамандары дәл осындай жағдай айына кемінде 1-2 мемлекеттік мекемеде болатынын айтады. Бұл өте қауіпті жағдай. Ал прокуратура тарапынан бұл оқиғаға қатысты тұшымды жауап ала алмадық.

Жаңа ғана Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің осы жағдайға байланысты хабарламасын алдық. Ол жерде құпия ақпараттардың ашық қалуына қатысты арнайы тексеріс жүргізілгені айтылады. Дәл қазір бұл желіге бөгде адамдардың кіру мүмкіндігі жойылған, қауіпсіздік шаралары қолға алынған және құпия ақпараттарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ делінген. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы