435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте алдағы үш жылда не өзгермек

  • 267
  • UPD: 22:42, 14.02.2020

Шымкентте биыл қала іргесіндегі 13 елді мекеннің ауыз су мәселесі шешімін табады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есепті кездесуінде мәлімдеді. Шаһар басшысы өткен жылдағы атқарылған жұмыстарды қортындылады. Еліміздің үшінші мегаполисінде алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Соның бірі ретінде Шымшаһарда алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылатын болады. Алдағы үш жылда мектептер саны артып, тұрғындар үшін көп қабатты үйлер салуға басымдылық берілмек.

Қала әкімі болып жақында ғана тағайындалса да, Мұрат Әйтеновтың халыққа айтар жағымды жаңалығы көп. 2019 жылдың атқарылған жұмыстарын баяндаған шаһар басшысы алдағы уақытта атқарылатын істерге басымдық берді. Оның айтуынша, Шымкенттің аумағы күн санап өсіп келеді. Сәйкесінше, халық саны да ұлғаюда. Сондықтан шаһарда инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жандандыру қолға алынады.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Биылғы жылы қалалық бюджеттен 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар шалғайдағы 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы жылы 140 мың халқы бар тасымал арқылы су ішіп отырған 8 елді мекен және жартылай сумен қамтылған 5 елді мекеннің мәселесін шешу жоспарлануда.

2019 жылы қалада 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өсімі жағынан республикада алғашқы үштіктің қатарында. Десек те, халық санының жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. 

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Алдағы 3 жылда 32 816 пәтерлі 652 көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде биылғы жылы 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Мұрат Әйтеновтің жоспары ұшан-теңіз. Өз сөзінде жол жөнделіп, қоғамдық көлік жайы шешілетін де мәлімдеді. Қала аумағына кіретін шалғай елді мекендердің де коммуналдық мәселесі шешімін табатындығын жеткізді. Биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Осыған орай наурыз, қараша айларында маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл – Шымкенттің халықаралық аренада танылуындағы алғашқы қадам.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы