435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық волонтерлер ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіннің арманын орындады

  • 202
  • UPD: 15:30, 15.02.2020

Ауыр дертке шалдыққан 5 жастағы Катя ханшайым болып киініп, пәуескеге мінсем деп армандайтын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүлдіршіннің арманы қостанайлық волонтерлердің атсалысуымен жүзеге асты.

Кішкентай Катя қатерлі ісікпен ауырады. Ауыр дертке душар болған сәби кітап бетіндегі ханшайым суретін көрсетіп, мен осындай боламын дейді екен. Волонтерлер  бала  қиялын шындыққа айналдырды.

Абылайхан Кәкенов, «Бірге армандаймыз» жобасының жетекшісі:

– Осы бір шараны ұйымдастырғаннан кейін, олардың көңілі де көтеріліп, осындай жағдайды көрген кезде өзімізде риза боламыз да және бекерден-бекер бастамаған іс-шара, жоба деп айтамыз.

Айта кетелік, Қазақстан бойынша  қолға алынған «Бірге армандайық» жобасының мақсаты,  ауыр дерт дендеген адамдарды  қаржылай емес, моральдық, рухани жағынан қолдау. Осы бір жылдың ішінде еліміздің әр түкпіріндегі алты адамның арманы орындалған.

Ал қостанайлық волонтер Людмила Берестованы көпшілік қараусыз қалған ит-мысықтардың белсенді қорғаушысы деп біледі. Бірнеше жылдан бері иесіз жануарларды көшеден жинап, әр жерге орналастырып әлек. «Енді соларды бағып, күтетін арнайы орын ашу керек» деген қалалық басшылыққа талап қойып отыр. Қазір қол жинап, петиция дайындап жатыр.

Людмила Берестова, волонтёр:

– Бұл жобаны жүзеге асырудың еш қиындығы жоқ. Тек қана волонтерлер ғана емес, қаржылай көмек көрсетуге дайын жанашырлар да көп. Бізге ғимарат пен жер берсе, сосын ветеринарлық препараттармен көмектессе болғаны, азығын, бағып, күтуін өз мойынымызға аламыз.

Соңғы жылда облыста волонтерлер қатары екі есеге өскен. Бұл іске мемлекеттік қолдаудың да септігі бар.

Жұпар Қожахмет, жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

– Биылдан бастап бізде хаб жұмыс істеп жатыр.  Сол «Казволонтер» сайтына тіркелген еріктілер 1-ші балдық есептік көрсеткіштері бойынша бірінші стипендияларын алып жатыр. Сондықтан еріктілерге қаншалықты көп қолдау көрсетілген сайын, соншалықты жастардың қызығушылығы артып жатыр.

Қостанайлық волонтерлер болашақта тарихи орындар мен киелі жерлерді қорғауға  да  белсенді түрде атсалыспақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы