411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдық шеберлер мүгедек балалар үшін жаттығу құрылғыларын жасайды

  • 434
  • UPD: 17:50, 24.02.2020

Жамбыл облысының Жаңатас қаласының тұрғындары мүгедек балалар үшін жаттығу құрылғыларын жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкелі-балалы шеберлер қолда бар заттарды қолданып, адымдағыш және вертикализатор құралын құрастырады. Бұл құрылғылар тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған 2 және 9 жас аралығындағы балалардың кәдесіне жараған. Осылайша, кәсібін дөңгелетіп отырған жанұя мемлекеттен қайтарымсыз несие де алыпты. Қазір Алматы мен Түркістан облыстарынан тапсырыс қабылдап жатыр.

Шағын цехты Ахан Әжімағанбетов осыдан бір жыл бұрын іске қосыпты. Ұлымен бірге бүгінге дейін жиырмадан астам жаттығу құрылғысын жасаған. «Біз үшін кез келген темір бұйым кәдеге жарайды. Қолымызда дәнекерлеу аппараты болса болғаны» - дейді олар.

Ахан Әжімағанбетов, шебер:

- Жатқызып қойған бала жата береді. Тұрғызып қойған бала әрі қарай жүргісі келеді. Жүргісі келген бала жазылғысы келеді. Сөйлегісі келеді. Оған барлық дәрігерлер де келіседі деп ойлаймын. Жасап, шығарып жатырмыз енді. Жетісайға, Жаткентке барды. Алдыңғы күні Алматыға жібердік біреуін.

Жұмыстан соң әкелі-балалы шеберлер үйге асығады. Сәуле анасы Мадияр ұлын құшағына алса, отағасы кішкентай Жібегін бауырына қысады. Олардың бұл перзенті ерекше күтімге мұқтаж. Арнайы жаттығу құрылғылары қажет болған соң бұрын ауруханаға жиі апаратын. Әкесі осы құралдарды өзі жасап бергелі 4 жастағы сәбидің қимыл-қозғалысы күн санап ширап келеді.

Сәуле Күлтешова, А.Әжімағанбетовтың жұбайы:

- Біз басында құр отыратынбыз. Қазір аунап-домалап тұрады. Қабырғаға тұрғызып қоямыз. Өзгеріс көп. Мысалы, басқа да балалар пайдаланады. Олардан да нәтиже шығып жатыр. Рақметін айтып жатыр.

Ерекше жобасын дамыту үшін қала тұрғыны мемлекеттен қомақты қаражат алған. 2,5 млн теңге қайтарымсыз несие өндіріске қажет құрал-жабдықтарды алуға жұмсалыпты. Қазір бұл цехта ортопедиялық құрылғылардың үлгісі әзірленетін 3D принтер де бар.

Мәдияр Кәрібаев, А.Әжімағанбетовтың ұлы:

Пластмасcадан неше түрлі формада құйып бере береді. Өзінің бағдарламасы бар. Өзін қалай сызасың, солай құйып береді. Мысалы, осы уақытқа дейін біраз нәрсе құйдым. Мүгедек балалардың аяғына киетіндеріне құямыз деп алғанбыз. Мойны шыққан балалар бар ғой, соларға да сондай құямыз деп алғанбыз.

Жаңатас қаласының шеберлері жасайтын жаттығу құрылғыларына сұраныс жоғары. Айтуларынша, тапсырыстар барлық аймақтардан түсе бастаған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы