448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісайлық диқандар судан тарығып отыр

  • 200
Жетісайлық диқандар судан тарығып отыр

Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары судан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егіс алқаптарына қажетті су мөлшері уақытылы жетпеген соң еккен өнім қурап, еткен еңбек зая кетуде.

Елбасы тапсырмасына орай Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірге сапарлап, бірнеше ауданды аралады. Созақ, Отырар және Жетісай аудандарының тұрғындарымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. 

Жетісау ауданының атқамінерлері жеті жылдан бері су мәселесін шеше алмай келеді. Жергілікті каналды қалпына келтіру жұмыстары да ұзаққа созылған. Ал шаруалар шығынға шашетектен баттық дейді. Бауыржан Байбек құрылыстың сапасыз жүргізілгенін сынға алды. Салғырттық жол берген мердігердің жұмысына «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының қызметкерлері де шағымданды. Қазіргі уақытта жұмыс тоқталып, іс сотқа кеткен. Каналдың ұзындығы 24 шақырымнан асады. Тек жартысы ғана жөнделген. Шаруаларды уәде етілген субцидияның кешіктірілуі де алаңдатып отыр. Фермерлер егер ақша берілмесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді дейді.

Рауф Нифталиев, шаруашылық жетекшісі:

– Дәл егін пісетін кезде су болмай қалады. Өнім толық піспей жатып, қурап кетеді. Бұл барлық дақылдарға қатысты мәселе. Бізге су уақытында қажетті мөлшерде жетпесе, онда өнім болмайды.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Мен Нұр-Сұлтан қаласына барғаннан кейін министрлер мен жауаптыларды жинап, мәселені ортаға саламын. Партиялық бақылауды күшейтеміз. Мәселені қалай шешетінін айтсын. Түсініксіз. Әрине, қиыншылық көп. Бірақ компания мойнына алған соң, орындау керек.

Одан кейін Бауыржан Байбек аз қамтылған отбасында болды. Елбасының бастамасымен қолға алынған партиялық «Бақытты отбасы» жобасы аясында Түркістан облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында «Қамқорлық» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Бүгін Қазыбек би ауылында екі отбасы баспаналы болды. Қарлығаш Дүкенов 15 жылдан бері балалары және мүгедек күйеуімен пәтер жалдап күнелтті. Енді мәселе түбегейлі шешілді. Nur Otan партиясының мүшесі, жергілікті меценат оларға баспана сыйлады. 

Қарлығаш Дүкенова, Жетісай ауданының тұрғыны:

– Рақмет, мен өте бақытытмын. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Енді өз үйіміз бар. Көмектескен азаматтардың барлығына алғыс айтамыз.

Айнұр Нұртазаның күнделікті жұмысы осы. Жалғызбасты келіншек көпқабатты үйде тұрса да, от жағып, күл шығарады. Себебі үйі салқын, бала-шағасы бар. Бұл жалғыз Айнұрдың басындағы жағдай емес. Отырар ауданының орталығындағы көпқабатты үйде тұратын 322 отбасының бәрі осы қиындықты көріп отыр. Бұл үйлер өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған. Алғашында жылу қазандығы болғанымен, тоқырау жылдары істен шыққан. Кейін бұл үйлер жерасты суымен жылытылған. Алайда оның жылуы мардымсыз дейді тұрғындар.

Айнұр Нұртаза, Отырар ауданының тұрғыны:

– 9 жыл бұрын бізді жылу жүйесіне қосты, сол кезде іштегі пешті бұзып тастадық. Сол жылы қыс қатты болып, жылу батареялары жарылды. Келесі жылы қайтадын пеш салып алдық. Үйді жылыту үшін жылына 3-4 тонна көмір сатып аламыз. Енді бізге жылу қазандығын салып берсе дейміз. 

Бұл мәселе Nur Otan партиясының назарында болады. Әкімдік өз кезегінде жылу жүйелеріне қаражат бөліп, жыл соңына дейін мәселені шешуге уәде берді. Одан кейін Бауыржан Байбек 1964 жылы салынған ескі нысанның орнына тұрғызылған қалалық емхананың жаңа ғимаратымен танысты. Емхана құрал-жабдықтарды жеткізудегі мәселелерге байланысты бірнеше айдан бері жұмысын бастай алмай отыр. Nur Otan партиясының басшылығы бұл проблеманы тездетіп шешуді партиялық бақылауына алады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы