425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Astana Motorsports» жетекшісі А.Ардавичуске халықаралық іздеу жарияланды

  • 396
  • UPD: 21:16, 03.03.2020

«Астана» кәсіпқой спорт клубының басынан дау арылмай қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы салаға бөлінген қыруар қаржының жымқырылғаны анықталып отыр. Келтірілген залал көлемі 2 миллиард теңгеден асады. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арнайы іс қозғап, клубтың бұрынғы басшыларын қамауға алған.

«Астана» клубының басшылығы миллиардтаған қаржыны талан-таражға салып келген. Бұл жөнінде бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары хабарлады. Атап айтқанда, клубтың бұрынғы директоры Аманбек Күлшіков пен осы клубтың құрамындағы велокоманда басшысы Ләззат Шәмшиева қылмыстық келісім жасаған. Бұған қоса, «Astana Motorsports» жетекшісі Артур Ардавичустің де осыған қатысы бары анықталып отыр.

Сымбат Исрапұлова, ҚР СЖҚІА департаментінің бас сарапшысы:

– 2016-2018 жылдар аралығында Күлшіков қасақана шығындар көлемінен бірнеше есе артық сомаға қаржыландыру туралы тапсырыстарды, сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы Шәмшиева және Ардавичус ұсынған жалған есепті қабылдаған. Олар артық бөлінген қаражатты шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасасу, оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша жалған актілерге қол қою жолымен жымқырған.

Жыл сайын демеушілер тарапынан халықаралық талаптарға сай 200-ден аса велосипед тегін беріліп келген. Ал клуб басшылығы осындай спорттық құрылғылар сатып аламыз деп 2018 жылдың өзінде жүздеген мың еуроға жалған келісімшарт жасапты. Шын мәнінде, бұл велосипедтер жеткізілмеген. Ал ақша жымқырылған.

Сергей Перов, ҚР СЖҚІА екінші департементінің басшысы:

– Айта берсең, мұндай мысалдар өте көп. Жымқырылған ақша олардың отбасы мүшелері мен спортқа қатысы жоқ тұлғалардың қажеттілігіне жұмсалған. Оның арасында ішкі және шетелдік рейстердің ақысы бар. Бүгінгі таңда анықталған шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асады.

«Астана» спорт клубының бұрынғы қос басшысы қазір қамауға алынды. Ал Артур Ардавичусті ұстау мүмкін болмаған. Қазір оған интерпол желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Енді осы іске қатысы бар тұлғалар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Аслан Қаженов, Серік Қонырбаев

Хабар 24 телеарнасы