424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық кенші қыз Абайдың 200 өлеңін жатқа біледі

  • 483
  • UPD: 21:29, 06.03.2020

Қарағандының «Саран» шахтасында Эльмира есімді кенші қыз жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Небәрі 22 жасында 700 метр тереңдікке түсіп, алғашқы еңбек жолын бастапты. Қазір абыройлы, сақа маман. Абай атасының өлеңдерін жатқа айтады.  

О баста біздің түсіру тобымызды тәжірибелі мамандардың бірі қарсы алып, жұмыстың жай-жапсарымен таныстыратын шығар деп үміттенгенбіз. Олай болмады. Есесіне, бізді жеті қат жер астына қаршадай қыз бастап барады. Алдымен арнайы қауіпсіздік киімін киуіміз керек екен, кейін құрал жабдықтарды сайлап алдық.

Эльмира аптасына кемі 3 рет жер астына түседі. 3 жылдық тәжірибесінде бұған әбден үйренгенін айтады. Ал «маркшейдердің» жұмысы жауапты. Кен орнындағы дәлдік пен тепе-теңдікке жауапты. Мына чемоданын анау-мынау жігіттер көтере алмайды, зілдей. Не керек, жол бойы қорқып келген мен кенші қыздан қорқыныш болама деп сұрадым.

Эльмира Казиева, маркшейдер:

– Қорқыныш болады, бірақ өзің жақсы көріп келген соң, қорқынышың сейіледі, тек жұмыс істейсің.

Басты кейіпкерідің әкесі де – кенші. Анасы тәрбиеші. Мамандық таңдауда әкесінің еңбексүйгіштігі ықпал еткен. Содан әкесіне ұқсағысы келеді.

Эльмира Казиева, Саран шахтасының маркшейдері:

– Әрине, екеумізде ортақ әңгіме көп, шахта туралы. Біз бәрін салыстырып, әңгімелесіп отырамыз.

Эльмира – Абай Құнанбаевтың ұрпағы. Ұлы ақынның 200 өлеңін жатқа біледі. Оқуға, әдебиетке деген құштарлығы ерекше. Тіпті өмірлік кредосы да Абайдың өлең-шұмақтарынан алынған.

Жангелді қошанов, кенші:

– Жұмыс қиындау, бірақ істеу керек. Эльмира қарындасымыз осында істейді, жұмысын жақсы біледі.

Эльмирадан биылғы 8 наурызды қалай өткізетінін және кімнен сыйлық күтетінін сұрап білдім. Биылғы мереке ол үшін ерекше екен.

Эльмира Казиева, Саран шахтасының маркшейдері:

– Әдетте әр 8 наурыз бізді әкем құттықтайды. Биыл ерекше болайын деп тұр. Себебі 7 наурыз күні менің ұзату тойым болады.

Сонымен тағы бір отбасы құрылмақ, Эльмираның өмірінде тағы бір жаңа есік ашылады. Қаршадай қыздың табанды еңбегіне тамсанған біз бақыт тілеп, бір күнгі «шахтер» қызметіндегі жұмысымызды аяқтадық.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулет, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы