429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында қоғамдық қабылдау кеңселері уақытша жабылды

  • 624
  • UPD: 09:38, 20.03.2020

Ақмола облысында құзырлы органдардың жанынан ашылған фронт-кеңселердің барлығы жабылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бұл тұрғындардың арыз-шағымы мүлдем қабылданбайды деген сөз емес. Мемлекеттік мекемелер өзіңізді мазалаған сауалдарды дамыған технологиялар арқылы жолдауды ұсынады.

Әншейінде көп адам кіріп-шығып, абыр-сабыр болып жататын облыстық соттың ғимаратында қазір кісі аяғы күрт азайған. Себебі құзырлы орган басшылығы кеше ғана өзінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы халыққа үндеу жолдады. Онда аса қауырт болмаса, соттарға келмеу жайы айтылған. Ал арыздар онлайн режимде қабылданады. Бұл үрдіс қазір жақсы дамып келеді дейді, судьялар. Айталық, биылғы екі айдың өзінде талап-арыздар мен хат-хабарлардың 74 проценті электронды форматта келіп түскен.

Досжан Әміров, облыстық сот төрағасы:

- Мерзімі асықтырмайтын істерді бір айға кейінге қалдырып жатырмыз. Ал қаралуда шұғыл күтіп тұрған, азаматтары қамауда жатқан басқа да істерді бүгінгі күні қашықтан қарауды қолға алып жатырмыз. Қашықтан болмаса, жабық сот отырысын өткізудеміз. Бір ғана мақсат – ауруды халық арасында таратпау.

Ал облыстық полиция департаментінің жанындағы қоғамдық қабылдау кеңсесі жұмысын уақытша тоқтатты. Аудандық полиция бөлімшелерінде де осындай жағдай. Ал мұны білмей, ішкі істер органдарына келген тұрғындар сырттағы арнайы жәшікке өз арызын жазып қалдыра алады.

Лариса Луговская, облыстық полиция департаментінің бөлім жетекшісі:

- Енді біз тұрғындардың арыз-шағымын департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары мен «Е-гов» электронды үкімет порталы арқылы қабылдаймыз. Мұның барлығы қауіпті вирустың алдын алу үшін жасалып отыр. Ал азаматтардың елдегі енгізілген төтенше жағдайға қатысты сұрақтары болса, 29-90-31 нөміріне хабарласуларына болады. 

Облыстық прокуратураның алдындағы құқықтық кеңес беру орталығы да қауіпті індеттің беті қайтпайынша, тұрғындарды қабылдамайды. Мұнда тіпті прокурормен жеке сұрақтар бойынша кездесу де тоқтатылған. Сондай-ақ облыстық және қалалық әкімдік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы азаматтарды қабылдау орталықтары да қазір жұмыс істемейді. Ал құзырлы органдардың өкілдері, тұрғындарды бұл жағдайға түсіністікпен қарауға шақырады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы