419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус қарағандылық келіншектің құрсағындағы егіз нәрестеге қауіп төндіріп тұр

  • 572
  • UPD: 19:47, 05.04.2020

2 апта ішінде Екатеринбургтегі ана мен баланы қорғау ғылыми-зерттеу институтына бармаса, босануы қиын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда шекара жабық болған соң жүкті әйел Ресейге қалай жетем деп уайымдап отыр.

Андрей мен Марина екінші мәрте балалы болуды 10 жыл бойы армандаған. Енді міне, құрсағына нәрестенің біткені сол еді, мамандар потологиялық ақау барын аңғарыпты. Алдағы екі аптада шұғыл операция жасамаса, егіздердің өміріне айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін.

Марина Авдеева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Қазір менің ішімдегі нәрестелерім қарапайым тілмен айтқанда дұрыс тамақтана алмай жатыр. Жедел арада операция жасау керек. Егер енді кішкене созсақ, олар өліп қалады. Менің денсаулығыма да зор қауіп төніп тұр.

Бұл мәселе бойынша біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарын сөзге тартқан едік. Олар елде ота жасалғанымен, егіздің сыңарынан айырылу қаупі бар екенін жасырған жоқ.

Гүлжан Жиембаева, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл «Фетофетальді синдром» деп аталады. Оны емдеу Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала орталығында жүргізіледі. Қазір бұл науқастың құрсағындағы нәрестесінің бірінің дамуы кешеуілдеп тұр, сондықтан тек біреуін аман алып, екіншісінен айырылып қалуымыз мүмкін.

Ал Маринаның күйеуін Екатеринбургтың ғылыми-зерттеу институты мамандары дер кезінде келсе, екі баланы да аман алып қалуымыз мүмкін деп үміттендіріпті. Сондықтан олар мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейді.

Андрей Авдеев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Қазақстаннан ешбір мәселе туындап тұрған жоқ, қажет болса барып келіңдер деді. Бізді Ресей өз шекарасына кіргізбей тұр. Ресей Үкіметінде бізге бару керек жерге рұқсат жасалмаған екен. Ом арқылы да, Петухов шекаралас аймағы арқылы да өтіп көрмек болдық, бірақ жібермейді.

Марина 2 аптаның ішінде операция жасатуы тиіс. Өйткені, қазір ішіне су толып, тыныс алуы қиындай бастаған. Сондықтан көмек сұрап, Қазақстан және Ресей президенттеріне хат жазыпты.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы,Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы