418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жол құрылысы сапасын бақылау күшейтілді

  • 256
  • UPD: 20:52, 30.04.2020

Жолдың жайын жүрген біледі. Осы жолдың жыры қарағандылықтарды әбден шаршатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді мұндағы жөндеу жұмыстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қатар бақылайды.

Бұл екі ұйым бұрын жол жөнделген соң ғана тексеретін. Енді жұмысты бастан-аяқ қадағалап отырмақ.

Майқұдықтың жолдары десе, жүргізушілер қашанда осы тектес пікірден жаңылған емес. Аудандағы орталық көшенің жолына орташа жөндеу 2011 жылы жүргізілген еді. 9 жылдың ішінде тозығы әбден жеткен жол жүргізушілердің де, жолаушылардың да жүйкесін тоздырып біткен. Енді міне, биыл бір бағытқа 3 жолақты заманауи жол салынбақ. Бір жолақ тек қоғамдық көлікке арналады. Жобасы жақсы болғанымен, сапасы сын көтермейтін сәттер аз емес.

Арслан Мыңғышев, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің аға офицері:

– Бүгін міне, мынау басы ғана, қыркүйек айына дейін созылады. Біздің департаменттің басты мақсаты, осы қоғамдық бақылауды күшейту. Жолдың сапасын бақылау. 10-ға жуық сапаға сай келмейтін кездер болды, бізде мынау Керей-Баян ауыл жақтарда жол жасап болған соң, жол түсіп кету, ойылып кету сияқты.Тиісті хаттарды жазған соң қайта қалпына келтірілді.

Қазір маусым айына дейін салынып бітуі тиіс 5 шақырым жолға 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жол салу жұмыстары мерзімінен кешікпесе қыркүйекке дейін тағы қалған жолға ақша бөлінбек. Жолға қажетті материалдардың 98 проценті отандық. Бұл өнімдердің де талапқа сай болуы жіті бақыланады. Тексеруді жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Қарағанды облыстық филиалы жүргізеді. 

Алексей Рассолов,  «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:

– Біздің мамандар объектілерге барып, жол құрылыс материалдарын алып сынама жүргізеді. Егер талапқа сай келмейтін деректер анықталса, бірден хаттама толтырылып, тиісті орынға және тапсырыс берушіге хат жіберіледі. Кейін олар бұл олқылықты жоюы тиіс.

Бұл жолмен Қарағанды қаласына жапсарлас орналасқан Сұрыптау станциясы және осы, Майқұдық ауданының кемі 200 мың тұрғыны күн сайын қатынайды. Сондықтан күре жолға жүргізілген күрделі жөндеу тұрғындарға келеңсіздік әкелмеуі тиіс. Қазір ұзындығы 11 шақырым жолды жұмысына 180 адам мен 90 техника жұмылдырылған. Жұмыстың екінші кезеңі келер жылы жалғасады.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы