420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада үрмелі аспаптар оркестрі майдангерлердің ауласында концерт қойып жүр

  • 300
  • UPD: 22:08, 08.05.2020

Елорда Жеңістің 75 жылдығына орай «Айбынды ардагерлер» деп аталатын акция бастады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сол шараның аясында үрмелі аспаптар оркестрі қарт майдангерлердің ауласына барып, концерт қойып жатыр.

Елордаға келген қонақтарды қыдыртатын мына автобус бүгін көшпелі театрға айналды. Мемлекеттік филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі осы автобуспен көше аралап елордалық ардагерлерге тосын сый жасады. Яғни Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан әрбір қарияның ауласына арнайы барып, әскери әндерді шырқады.

Бақдәулет Жақыпов, үрмелі аспаптар оркестрінің мүшесі:

– Бұл мерекеге қатысты елімізді қорғаған аталарымызға арнап жыл сайын концерт беретінбіз. Осы жылы жағдайларға байланысты елін қорғаған әр батырдың үй жағына келіп, көңілін аулап, алғысымызды айтуға шешім қабылдадық. Осы жылдың атмосферасы ерекше болған секілді. Өйткені әр жылы осы мерекеге байланысты күтуде болатын. Ал осы жылы күтпеген жағдайда құттықтаған оларға қуаныш әкелді деп ойлаймын.

Ардагерлерді мұндай форматта құттықтау биыл алғаш рет өтті. Оркестр мүшелерінің өнерін қарттармен қатар сол ауланың барлық тұрғыны ықыласпен тыңдап, құрмет көрсетті. Кейбірі әскери әнді қосыла шырқаса, бірі билеп мерекенің сәнін келтірді. 

Ақұлан Тастемір, Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

– Басты мақсатымыз – қала тұрғындарының өзінің ауласында, өзінің үйінде халық қаһармандары тұратынын сезіндіру. Өздеріңіз білесіздер, коронавирусқа байланысты қазір далаға шығуға рұқсат берілмейді. Сондықтан барлық ардагердің үйіне барып, жеке өздерінің үйінің алдында құттықтауға бел будық.

Жеңіс күні мереке әрине. Десе де, сұрапыл соғыстан қалған қасірет сол соғысқа қатысқан жауынгерлердің есінде. Олар бейбіт күнге жету үшін қаншама боздақ қаза болғанын күрсініп еске алады.

Александр Бабичев, Ұлы отан соғысының ардагері:

– Қазір ойланып қарасам, жеңіске жету үшін талай тағдыр қыршыннан қиылды. Бірақ біз еш мойымай, тек алға ұмтылдық және жеңіске жеттік. Көңіл бөліп келіп, құрмет жасағандарыңызға үлкен рақмет!

Уақыт өткен сайын майдан көрген қариялардың қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Бүгінде елордада 44 соғыс ардагері тұрады. Көшпелі театр сол ардагерлердің біразының үйіне барып сый-құрмет көрсетті. Мерекелік шара ертең де жалғасады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы